Шымкентте жасөспірімдер арасында қазақ күресінен жарыс өтті. Шаршы алаңда жалпы саны 140 спортшы күресті. Іс-шара «Дүниежүзілік көшпенділер ойынын» насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Еліміздің үшінші мегаполисінде қазақ күресінен қалалық ашық біріншілігі өтті. Жасөспірімдер арасында өткен жарысқа жалпы саны 140 спортшы қатысты. Соның бірі — Бақберген Асетбай. 13 жастағы жас балуан қарсыласын шаршы алаңда тізе бүктіріп, финалға жолдама алды.
Бақберген Әсетбай, жас балуан: «Жарыс жақсы өтті. Қарсыласым қиындау болды. Бірақ мен оны жеңе білдім. Жаттықтырушыларымыз бізді жақсы дайындады»
Бүгінгі жарыс «Дүниежүзілік көшпенділер ойынын» насихаттау мақсатында өткізілді. 8-ші қыркүйекте басталатын халықаралық спорт жарыстарында шымкенттік спортшылар да бақ сынайды.
Маратбек Мықтыбеков, Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «»Дүниежүзілік көшпенділер ойынын» насихаттау мақсатында әрбір өңірде осындай жарыстар өтіп жатыр. «Дүниежүзілік көшпенділер ойынына» біздің Шымкент қаласынан 16 спортшы қатысады. Ол жерде күрес, тоғызқұмалақ, асық ату, ат шабу сынды спорт түрлері бар. Сол жарыста біз 4-5 алтын аламыз деп жоспарлап отырмыз»
Жарысқа қатысқан балуандар 1-ші, 2-ші және 3-ші орындармен марапатталды. Оларға арнайы медальдар мен дипломдар табысталды.