Қазақстанға жатыр мойны ісігіне қарсы вакцина келді

25

Елімізге жатыр мойны ісігіне қарсы вакцина келді. Енді қыркүйек айынан бастап 11 жастағы қыздарға ерікті түрде екпе салынады. Вакцинаны ер балалар да алуына болады. Екпе сапасына кім жауапты?

Қазақстанға жатыр мойны ісігіне қарсы вакцина келді. Қазіргі таңда сертификаттау жұмысы жүріп жатыр. Енді қыркүйек айынан бастап еліміздегі 11 жастағы қыздарға ерікті түрде екпе салынады.

Нұршай Әзімбаев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі СЭБ комитеті Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы: «Қазіргі кезде осы Гардасил вакцинасын жеткізу процессі жүріп жатыр. Енді еліміздегі фармацевтикалық ережелерге сәйкес сертификаттау жұмыстары жүріп жатыр. Қайта тексеру процесі біткеннен кейін, яғни 10-15 күннен кейін бұл вакцина таратылады»

Бұл вакцина әлемде 2006 жылдан бері қолданыста. Мамандардың сөзінше 18 жылдан бері осы екпені салдырғандар арасында асқыну жағдайы тіркелмеген. Осы уақыт аралығында дүниежүзінде адам папиллома вирусына қарсы вакцинаның 270 млн-нан астам дозасы салынған.

Нұршай Әзімбаева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі СЭБ комитеті Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы: «Республикамызда сатып алып қолданғалы жатқан вакцинаның сапасына дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кепілдік береді. Бүгінде АПВ-на қарсы вакцина 135 мемлекетте қолданылып жатыр. Осы 135 мемлекеттің 100-ден астамы Гардасил вакцинасын пайдаланады. Бұл вакцина өте қауіпсіз»

Вакцинациялауға қатысты халық пікірі әртүрлі. Бірі екпе алуға түбегейлі қарсы болса, енді бірі бұл жатыр мойны обырынан сақтанудың жалғыз жолы дейді. Баласына екпе салғызатындар қатарында белгілі медиа маман Ләйлә Сұлтынқызы да бар. Қоғам қайраткері екі ұлына да вакцина салдырамын дейді.

Ләйлә Сұлтанқызы, тележүргізуші: «Менің 17 және 15 жасар екі ұлым бар. Күз мезгілінде басталатын науқанда мен екі ұлыма да екпе салдырамын. Екі этапты болады. Мен алдын-ала зерттедім. Бельгиядан келетін вакцина. Құрамын да қарап шықтым. Біріншісі салынады, сосын жарты жылдан кейін екіншісі салынады. Сондықтан екі балама да міндетті түрде салдырамын»

Бұл обырды ерте сатыда анықтауға скрининг жасату арқылы білуге болады. Дәрігерлер қатерлі ісікке шалдықпаудың жалғыз жолы — вакцина екенін айтып отыр. Айта кетейік, жатыр мойны ісігіне қарсы екпені ер балаларға да салдыруға болады.