2009 жылы Шымкент қаласы әкімінің қаулысы негізінде Республика даңғылындағы жер учаскесі «Әйгерім» ЖШС-не жеңіл конструкциялардан балалар ойын сауық орталығын орнату үшін уақытша пайдалану құқығымен 49 жыл мерзімге табысталып, жер учаскесін жалға алу келісімшарты түзілген.
Учаскелер заңсыз табысталуына байланысты, жергілікті жер ресурстарын басқару Департаменті тарапынан Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына айтулы келісімшартты жарамсыз деп тану туралы талап-арыз жолданған.
Осы жылдың мамыр айында сот талап арызды қанағаттандырды. Жергілікті жер қатынастары бөлімі мен «Әйгерім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арасында түзілген жер учаскесін жалға беру туралы үлгілік шарты жарамсыз деп танылған еді.
Іле шала айтулы серіктестік жазған аппеляциялық шағымды сот қанағаттандырусыз қалдырды.
«31.07.2024 жылы Шымкент қалалық сотының қаулысына сай, аталған шешім күшінде және «Әйгерім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аппеляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды. Шымкент қалалық сотының қаулысы түпкілікті дайын болғаннан кейін «Әйгерім» ЖШС аталған жер учаскесін өз еркімен босатпаған жағдайда қала әкімдігі тарапынан мемлекеттік және қоғамдық мүдделерді қорғау мақсатында аталған жер учаскесіне қатысты заңсыз салған құрылыстарды өз есебінен бұзу арқылы «жер учаскесін бастапқы қалпына келтіру міндеттеу» туралы сотқа талап-арыз енгізілетін болады», — деп мәлімдеді Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының құқықтық қамтамасыз ету бөлімі басшысының м.у.а Нұрдаулет Өтепбергенов.