ҚР Энергетика вице-министрі үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келді. Ол ұшақтан түсе сала тұрғындармен кездесіп, толғындырған мәселесін тыңдады.
Бүгін ҚР Энергетика вице-министрі шымкенттік тұрғындармен кездесті. Жүздесудегі басты мәселе сұйылтылған газдың тапшылығы. Жергілікті кәсіпкерлер аймақта жыл сайын дефициттің қатты сезіліп жатқанын айтады.
«Газдың мәселсін қалай шешейін деп жатсыздар? Жылда жеткіліксіз болады. Жылда қайталанып жатыр. Газ кәсіпкерлерге бірдей берілмейді. Белгілі бір адамдар ғана алады. Қалғаны әлеуметтікке қосып жібереді. Сонсоң көлемді қысқартып тастайсыздар», — дейді кәсіпкер.
Ерлан Ақкенжанов бұл мәселе 2030 жылға дейін шешілетінін айтады. Қазір 2 облыста мұнай өңдеу зауытын салу жобасы қолға алынып жатыр. Олардың құрылысы толық бітсе, автогазға тапшылық та төмендейтін көрінеді.
«Жаңаөзен қаласында жаңа мұнай өңдеу зауытын іске асырайын деп жатырмыз. 120 мың тонна газ шығарады. Қарабатан деген Атырау облысында зауыт саламыз. 200 мың тонна газ шығатын болады. Бірақ бұлар келешекте жүзеге асады. 2029-2030 жылдары қосылады. Оған дейін шыдай тұруымыз керек», — дейді ҚР энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенжанов.
Ал Ынтымақтық тұрғындар бірнеше жылдан бері көгілдір отынға қол жеткізе алмай келе жатырмыз дейді. Сондықтан Ерлан Ақкенжановпен кездесуге арнайы келіп, өздерін толғандырған сауалын жолдады.
«Мен Ынтымақ-2 шағынауданында тұрамын. Газ құрылысы әлі жүріп жатыр. Ол бізге қашан беріледі?», — дейді қала тұрғыны.
«Мендегі ақпарат бойынша құрылыс желтоқсанда бітеді. Жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп отырмыз», дейді ҚР энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенжанов.
Қазір қаламызда жылу құбырларын ауыстырып, қысқы маусымға дайындық жұмыс жүріп жатыр. Сондықтан кездесуге келген жергілікті тұрғындардың бірі құбырларды жылдам тозып кетуден сақтау бағытындағы жұмыстар туралы сұрады.
«Қаланың құбырлары тозған. Тозығы жеткен құбырларды не істеп жатсыздар?», — дейді қала тұрғыны.
«Қазір 30 км. құбырға жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Осы жылдың аяғына дейін жұмыстар аяқталады деп сенемін. 2024-2025 жылға дайындық 90 пайыз аяқталды. Қыркүйекке дейін 100 пайыз бітіруді жоспарлап отырмыз», — дейді ҚР энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенжанов.
Ал кездесу соңында вице-министр тұрғындар арасында жеке мәселесімен келген азаматтарды қабылдап, проблеманың шешу жолдарын ұсынды.