Шардаралық диқан, «Тұрар» шаруақожалығының иесі Ан Юрий Владимирович өзінің 33 гектар пияз алқабының 5 гектарынан алғашқы 400 тоннадан астам өнімін сатылымға шығарды. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Талғат Әлімқұлов пияз алқабына арнайы барып, жұмыстың барысымен танысты.
Оның егістік алқабында сегіз түрлі пияз тұқымдары өсіріледі. 33 гектар пияз алқабының барлығы тамшылату әдісімен суландырылады. Бұл тамшылату әдісімен 1 сағатта 1 метр жерге 1 литр 600 грамм су кетсе, ал жүйек (арықша) арқылы сағатына 90 литр су далаға кетіп ысырап болады дейді шаруа қожалық иесі Ан Юрий. Сонымен қатар, егістік маусымында аталмыш шаруа қожалық 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырады.
Сондай-ақ, кәсіпкер күзге дейін пияз алқабынан 3000 тоннаға жуық өнім алу күтіліп отырғанын айтты. Пияз өнімінің негізгісі Ресей,Беларус елдеріне экспортталмақшы.