Үшінші мегаполисте «Shymkent Hub» өңірлік технопаркі ашылды. Салтанатты шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қатысты. Іс-шара аясында көрермен назарына түрлі инновациялық жобалар ұсынылды.
«Shymkent Hub» өңірлік технопаркі өз жұмысын бастады. Енді бұл кешен еліміздегі IT саласын ілгерлетуге мүмкіндік беретін жобалардың ұйытқысы болмақ. Оның негізгі мақсаты — стартап-мәдениетті қалыптастыру.
Жасұлан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі: «Shymkent Hub-тың ашылуы – тек Шымкент қаласындағы маңызды оқиға емес, Қазақстанның IT-саласын дамытудағы айтулы кезең. Осы жылдың соңына дейін бұл тәжірибені еліміздің барлық аймағында іске асыруды жоспарлап отырмыз. Мұндай орталықтар инновациялық бастамаға айналып, жас таланттар жарқын идеяларын жүзеге асыру үшін ең үздік тәжірибелер мен ресурстарға қол жеткізе алады. Бұл бастама өңірлердегі талантты мамандарды қолдап, олардың кәсіби өсуі мен дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді»
Өңірлік хабтың ашылуы аясында стартап көрмесі ұйымдастырылды. Көрермен назарына ұсынылған жұмыстың бірі — «SKY LIGHT» жобасы. Бұл — дрондардың көмегімен түнгі аспанда шоу жасауға бағытталған жоба.
Абылай Жанысбек, «SKY LIGHT» жобасының жетекшісі: «Біз алғашқы дрондарымызды қарашаның ортасында жинағанбыз. Кейіннен қытайлық компаниямен сөйлесіп, осындай дрондарды шығара бастадық. Жақын уақытта қалаға 85 дрон келеді. Қазір бізде 15 дрон бар. Қыркүйектің ортасында ашыламыз»
«Shymkent Hub» – Astana Hub-тың басқаруындағы 15-ші өңірлік кешен. Мұнда IT-қауымдастықтың қалыптасуына ықпал ететін игі шаралар өтеді.