Шымкентте Халықаралық жастар күні кең көлемде аталып өтіледі. Мегаполис жастары төл мерекесін 10 күн бойы тойламақ. Іс-шара жоспары қандай?
12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Үшінші шаһарда айтулы датаны тойлау 3 тамызда басталып кетті. Шымқала жастары төл мерекелерін 10 күн бойы атап өтпек.
Әйгерім Жұмағұлова, Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «2024 жылы Халықаралық жастар күнін мерекелеу елімізде 3-12 тамыз аралығында «Жастармен бірге!» ұлттық онкүндік іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Іс-шаралар кешені аясында қаламыздың жастарын қоғамдық және волонтерлік бастамаларға қатысуын, жастардың мемлекеттік шаралардан хабардар болу деңгейін, қала жастарымыздың азаматтық жауапкершіліктерін, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық жобаларға қатысу деңгейлерінің артуын және ғылым мен білімге қызығушылықтарын арттырып, жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау және іске асыруға үлкен мүмкіндік болып табылып отыр»
Мерекені тойлау экоакциямен басталып, ашық аспан астында фильм көрумен жалғасты. Ал бүгін денсаулық орталығында жастарға арналған ашық есік күні өтсе, ертең олардың ой санасын дамыту мақсатында интеллектуалды ойындар ұйымдастырылмақ. Ұлттық онкүндік Open air форматындағы кешенді іс-шаралармен аяқталады. Жауаптылар мерекені тойлауға бюджеттен қаржы қаралмағанын айтты.
Марат Спатаев, Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы:
«Онкүндік іс-шараға ешқандай қаржы бөлінбеген. Бұл «Жастар ресурстық орталығы» мамандары мен белсенді волонтерларымыздың күшімен жасалып жатқан дүние. Ешқандай қаржы бөлініп, қаржы жаратылып жатқан жоқ».
Айта кетсек, мегаполисте 14-35 жас аралығындағы азаматтардың саны 390 мыңға жуықтайды. Яғни, Шымкент қаласының 31 пайыздан астамы — жастар.