Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жалғасуда

28
фото kz.otyrar.kz

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Іс-шара бүгін мегаполистің бірнеше аумағында өтті. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздеген шараға көпшілік қолдау білдіріп жатыр.

Шаһар тазалығына бейжай қарамайтындардың бірі — Орынша Тәжібаева. 62 жастағы ана «Таза Қазақстан» акциясын әрқашан қолдайтынын айтады. Тіпті, экошараға қарсылық танытып жүрген қатарластарына үндеу жасады.

Орынша Тәжібаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Көп қариялар, үлкен адамдар қарсы болып жатыр бұл акцияға. «Неге біз істеуіміз керек? Неге әкім істемейді?»,- дейді олар. «Таза Қазақстанның» бізге керегі бар деген ұғым үлкендердің арасында сәл басымдау болып тұр. Біз мүмкіндігінше жастарға үйретуіміз керек. Табиғат неғұрлым жасыл, жас, таза болса, барлық індет-аурудан,  аман боламыз. «Таза Қазақстанға» еріксіз емес, ерікті түрде қатысқан адамдармыз. «Таза Қазақстанды» , жастарды қолдауға, қорғауға біз қариялар әркез дайынбыз»

Бұл – «Жайлау» шағынауданындағы тазалық жұмыстары. Гүлзар аумағында ұйымдастырылған сенбілікке елдімекен тұрғындарынан бөлек, 50-ге жуық тазалық қызметкері мен 9 техника жұмылдырылған.

Сенбілік жұмыстары Қаратау мен Әл-Фараби аудандарында да жүргізілді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қарасу өзенінің бойы да тазаланды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздеген шара жыл соңына дейін дәстүрлі түрде өткізілмек.