Шымкенттік отбасыға 1 млн. теңге табысталды

25
фото Отырар

Шымкенттегі «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Іріктеуден өткен 20 жанұя үздік деп танылды. Оларға қала әкімінің алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар табысталды. Ал, жеңімпаз отбасыға 1 млн. теңге қаржылай сыйақы берілді.

Қалалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы – тамырын тереңге жайған Сыдықовтар жанұясы. Өнегелі әулет дәстүр құндылықтарын бойына жіті сіңіріп, оны ұрпақтан ұрпаққа дәріптеп келеді. Мерейі үстем болған Сыдықовтар шаңырағына 1 млн. теңге көлеміндегі қаржылай сыйақы табысталды.

Ақмарал Құдайбергенова, Сыдықовтар отбасының келіні: «Ер азаматтарымыз ұлттық ойынды: көкпар, асық ату, ләңгі тебу сияқты ойындарды дәріптеп келе жатыр. Қазақтың ұлттық тағамдарын және ұршық иіру, кесте тігу сияқты қазақтың қолөнерін жасау арқылы біз өзге отбасылардан ерекшеленіп, озық болып, алға шықтық деп ойлаймын».

Бұл жолы Сыдықовтардың шаңырағымен бірге байқауда 183 отбасы бақ сынады. Екінші кезеңге 20 жанұя іріктеліп шықты. Олардың барлығы алғыс хатпен марапатталып, сыйлыққа теледидар алды.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Қазақ «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» дейді. Осы тұрғыда жалпы біздің мемлекеттігімізді сақтаймыз десек, «Отан отбасынан басталады» деген қағиданы басты назарға ұстайтын болсақ, біздің Қазақстандағы әр отбасымыз мықты болуы керек».

Өнерімен елге танылып, үздік атанған Сыдықтовтар отбасы енді республикалық байқауда бақ сынайды. Қала билігі үлгілі әулетке үміт артып, аймақ абыройын асыруға сәттілік тіледі.