“Тамыз кеңесі — 2024”: Сайрамда педагогтер инновациялық жобалар көрмесін ұйымдастырды

34

Сайрамда білім саласы қызметкерлерінің аудандық тамыз кеңесі өтті. Конференцияда жасанды интеллектіні қолдану мен мектепке дейінгі мекемелердің білім беру жүйесіндегі мәселелері көтерілді. Сондай-ақ, ауданның білікті мамандары инновациялық жобалар көрмесін ұйымдастырды.

Бүгінде заманауи білім беру балабақшадан басталады. Сайрам ауданының педагогтері осылай дейді. Бұл салада 7 жылдық тәжірибесі бар маман аймақтағы бөбекжай-бақшасында инновациялық технологияларды қолдана отырып, бүлдіршіндерге жаңаша білім беріп жүр.

Айнұр Қапақова, балабақша тәрбиешісі: «Робот «Botley»-ді алғашқы роботехниканың алгоритмдерін үйрету үшін пайдаланамыз. Оның карточкалары және өзінің 77 бөлшегі бар. Балалар карточкалар арқылы роботты бағдарлай алады. Тура, кері жүруге, кедергілерді айналып өтуге және мәреге жетуге. Бүгінгі бала — біздің ертеңгі келешегіміз. Біз барлық инновациялық жобаларды бала-бақшадан бастап жатырмыз».

Сайрам ауданының педагогтері тамыз кеңесінде инновациялық жобалардың көрмесін ұйымдастырды. Жаңартылған білім беру бағытында өз тәсілін көрсеткендер қатарында 27 жастағы мұғалім Нурила Ділдән болды. Жас маман халықаралық семинарға қатысып, білім берудің жаңаша бағытын үйреніп келген.

Нұрила Ділдән, мектеп мұғалімі: «Мен Дубай қаласында өткен халықаралық семинарға қатыстым. Онда жасанды интелект тақырыбында баяндама қорғап, 1-ші дәрежелі дипломмен марапатталдым. Семинарда мен жаңа тәжірибе алдым. Ол — эмпат ұстаз болу. Қазір эмпат ұстаз — бізде актуалды тақырып. Баланың тек білім дәрежесін көтеріп қана емес, олардың психологиясына үңіліп, олармен эмоцианалды тұрғыда да өте жақын қарым-қатынас құру керек. Осы тақырыпта да біз көп ақпарат алдық».

Білім беру саласы қызметкерлерінің тамыз конференциясында жасанды интеллектіні қолдану және мектепке дейінгі мекемелерде инновациялық жобаларды пайдалану мәселелері көтерілді. Жиында Сайрам ауданының әкімі білім саласында үздіксіз ілгері жылжу болуы қажет деді.

Арман Сәбитов, Сайрам ауданының әкімі: «Қазіргі заманда жаңа технологияның жедел дамуы қоғамға өзгерістер алып келді. Адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптар мүлдем өзгеше. Сондықтан да, біз әрдайым ізденісте болып, ілгері жылжуды мақсат тұтуымыз қажет».

Шара соңында сала үздіктері марапатталды. Сайрамдық білікті мамандарға «Ы. Алтынсарин» төсбелгісі, «Еңбек ардагері» медалі және Аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.