Түркістан облысы Сіргелі ауылында дәретханаға құлап кеткен 3 жасар Асылымның өлімі туралы тың деректер пайда болды. Алғашында қыз абайсызда дәретханаға өзі түсіп кеткен деп айтылғанымен, енді оны біреу итеріп жіберген деп күдіктелуде.
Бұл туралы Гүлмира Әбіқай әлеуметтік парақшасында жазды. «3 ай бұрын көршінің дәретханасына түсіп қайтыс болды деген 3 жасар Асылым адам қолынан қаза тауыпты. Түркістан облысындағы шағын ғана Сіргелі ауылы. Бәрі бір-бірінің итіне дейін жақсы танитын шағын елді-мекен. Мамыр айының ортасында таңғы 9-да 3 жастан асқан Асылым ұшты-күйлі жоқ болды. Әдеттегідей аулада, ары кетсе көршінің қызымен ойнайтын бүлдіршіннен не із, не сыбыс жоқ. Аттай 3 күн ата-анасы, туғандары, бүкіл ауыл мен еріктілер аяғынан тік тұрды. Полиция мен әскер тартылды. Ауылдағы бүкіл тесік-шұңқыр қаралды. Түк із жоқ. Сөйткен бүлдіршін көрші үйдің туалетінен табылды. Дәретханада 3 жасар қыздың денесі 3 тәулік бойы жатқанын үй иелері қалай ешкім байқамаған? Сарыағаштық сот мед. сараптама, қыз таза, тек беті сырылған, артынан соққы алған. Бұл соққы дәретхана тесігіне ұрылғаннан болды. Асылым туалетке өзі түсіп кеткен деп көрсетті. Алланың салғанына қарсы шара бар ма деп, егіліп ата-анасы қалды. Арада ай өтіп, Асылымның қырқына дайындалып жатқанда көршілес үйдің тағы бір қызы туалетке құлай жаздап, құтқарып қалыпты. Кішкентай қыздарды қинап, өлтіріп, дәретханаға лақтырып жүрген ересек адам бар деген сөз Сіргеліде желдей есті. Бір ажалдан аман қалған 5 жасар қыз Нұрай: өзін кім қорқытқанын, қайда шақырғанын, буындырып ұрғанын бәрін айтып берді. Қыздың көйлегінің ұшын көріп қалған (ол да көрші) 7 сынып оқушысы мұнда не болып жатыр деп алып шыққан.
Содан іс қайта ашылып, тергеу басталды. Нұрайдың айтқанының бәрі рас болды. Асылымның үйіне 40 жыл қарама-қарсы тұрған көршінің қызы қандықол қылмыскер болып шықты. 16 жасар (атын Жанира деп қояйық) бәрін мойындады. Тергеу Жанираны ауытқуы бар шизофрения деп тапты. Сонда 9 сынып бойы ауылдағы орта мектепте бәрімен бірге оқыған қыз аяқ астынан қалай ауру болып қалады???
Қазір періште Асылымның ата-анасына қиын тиюде. 40 жыл арасын көше бөлген аралас-құралас, жақын туыс болып кеткен көршінің үйіне қараса жүрегі сыздайды. Оларды көрмеу, бетпе-бет кездеспеу мүмкін емес! Бүкіл ауыл бұл отбасының бір түнде өзге жаққа көшіп кетуін талап етуде» деп жазылған.
Түркістан облыстық полиция департаменті бұл жағдайға байланысты: «3 жасар қыздың қайтыс болу фактісі бойынша тергеу жүргізуде, оның денесі ағымдағы жылдың мамыр айында Сарыағаш ауданында дәретханадан табылған. Тергеу іс-шаралары барысында бұл оқиғаға кәмелетке толмаған күдіктінің қатысы болуы мүмкін екендігі анықталды. Анықталған жағдайларға байланысты және күдіктінің психологиялық жағдайын ескере отырып, ол мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларын толық және жан-жақты анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда. Полиция ақиқатты анықтауға және заңды шешім қабылдауға бар күшін салады», — деп хабарлады.