Түркістан: Өңірлік кадрлық резервке іріктеудің қорытынды кезеңі өтті

38
Фото ТО ӘБҚ

Түркістан облысында Өңірлік кадрлық резервке іріктеудің қорытынды кезеңі басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған бұл жоба жас менеджерлер пулын қалыптастыруға және мемлекеттік қызметке дарынды жастарды тартуға бағытталған. Алғаш рет өтіп жатқан байқауға өңірдегі 634 үміткерден өтінім түскен.

Түркістан облысында Өңірлік кадрлық резервке іріктеудің қорытынды кезеңі басталды. Алғаш рет өтіп жатқан байқауға 634 үміткерден өтінім түскен. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен кадр комиссиясында 50 үміткер өз жобасын қорғады. Солардың бірі — Ілияс Балтабай.

Ілияс Балтабай, үміткер: «Мен конкурста «Таза Қазақстан» экологиялық қосымшасы тақырыбын қорғадым. Мұндағы мақсат — Президенттің бастамасымен қолға алынған акцияны қолдау, әрі қарай дамыту. Халықтың экологиялық санасын көтеру және экономикалық шығындарды азайту. Бұл жоба болашақта қоқыс тастауды азайтып, экологияны тазартады деген сенімдемін»

Өңірлік кадрлық резервке үміткерлер индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары және цифрландыру салаларын дамыту бағытында бақ сынады. Байқаудың соңғы кезеңінде олар өздері таңдаған салалық бағытта жобасын қорғады.

Өркен Балажанов, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы: «Құрылымдық сұхбатқа келгендер өз жобасын таныстырады. Жобаның мақсатын, мазмұнын, күтілетін нәтижесін, экономикалық-әлеуметтік тиімділігін айтып, қорғау керек. Олар 5 баллдық шкаламен бағаланады»

Наурыз айынан бері байқауға өтінім берген азаматтар іріктеудің үш кезеңінен өтті. Сыннан сүрінбей өтіп, соңғы сатыға келгендермен әкім жеке сұхбат құрып, бағыт-бағдар берді. Өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жолында тиімді кадрлық резерв құрудың маңыздылығына тоқталды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен елімізде «Президенттік жастар кадрлық резерві» жасақталатыны белгілі. Тиімді әлеуметтік лифтіге айналған бұл жоба расында, ел дамуына үлес қосуға ниетті жастарға зор мүмкіндік беруде. Оның жалғасы ретінде өңірдегі білімді, талантты жастар арасынан жаңашыл ойлайтын көшбасшылар мен жас басқарушылардың тобын қалыптастыру үшін кадрлық резервтер құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ең бастысы, еліміздің дамуына бей-жай қарамайтын, жұмысына жаны ашитын адал әділетті жастарды мемлекеттік қызметке алу»

Дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты болған сайыстан үздік деп танылған 30 жас өңірлік резерв құрамына кіреді.