Түркістанда 500-ге жуық мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеп келген. Бұл туралы облыс әкімі дәстүрлі тамыз кеңесінде айтты. Жиында білім саласындағы өзге де былықтар белгілі болды.
Түркістан облысында 500-ге жуық мұғалім жалған дипломмен білім беріп келген. Дәстүрлі тамыз кеңесінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды осылай деді. Сөзінше, қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан өзге білім саласында орын алған жемқорлық бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Тексеруде анықталғандай кейбір мұғалімдердің жоғары білімі туралы дипломы жалған болып шығуда. Оны антикор анықтап жатыр. Қазір 500-ге жуық өтірік диплом шығып отыр. Мұның түбіне жететін боламыз. Сонымен қатар директор мен жұмысшы арасындағы 16 дау Президент әкімшілігіне дейін қаралған. Қолы лас қызметкерлер білім саласын табыс табу көзіне айналдырған. Бұл бойынша қызметкерлердің үстінен бірнеше қылмыстық іс қаралды. Әлі де қаралатын болады», — дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Жемқорлық фактілеріне байланысты өңірде бухгалтерлік жүйені өзгерту қолға алынған. Соның нәтижесінде 1300-ден аса артық штаттық орын анықталған. Жауаптылар жоқ жұмысшыны көрсетіп, мемлекеттен айлық ретінде ақша алып келген көрінеді.
«Біз өзіміз мектептерді тексеріп шықтық. 1383 артық штат жасап, қаржы алып отырғаны анықталды. Оларды кезең-кезеңімен қысқарту жұмысы жүріп жатыр. Мұны қоғам болып бірлесіп шешуіміз қажет», — дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Сонымен қатар жыл басынан бері 7 мыңнан аса бала балабақшада жалған тіркеліп тұрғаны белгілі болған. Бұл бойынша тиісті тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Өңір басшысының сөзінше жемқорлыққа барған жандардан тәркіленген қаражатқа 20 мектеп салу қолға алынған. Оның 12-сі биыл пайдалануға берілмек. Одан бөлек 300-ден аса білім беру ұйымында жөндеу жұмысы жүргізіліп, 63 «Жайлы мектеп» салу көзделген. Оның 29-ын биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.