Түркістанда жаңа өндіріс орындары ашылмақ

31

Түркістанда жаңа өндіріс орындары ашылмақ. Облыс басшысы Дархан Сатыбалды инвесторлармен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Өңірде кәсіпорын ашамын деген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау да көрсетілмек. Киелі шаһарда қандай өндіріс орындары ашылады?

Түркістан облысында тұрмысқа қажетті тазалық заттарын шығаратын өндіріс орны ашылуы мүмкін. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды қытайлық инвесторлармен кездесіп, жобаны іске асыру жөнінде келіссөздер жүргізді. Облыс басшысы өңірде өндіріс орнын ашу үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Облысымызда арнайы экономикалық аймақ, аудан, қалаларда индустриалды аймақтар бар. Біз өз тарапымыздан инвесторлар мен кәсіпкерлердің бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз»

Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қытай инвесторларымен кездесуінде жаңа жобаларды талқылады. Айта кетсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 41 млрд. теңгеден асқан.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Өңіраралық қарым-қатынасты нығайту үшін біз жоспар құрып, жақын арада Шаньси провинциясына, Хуавей провинциясына және Хэнаньға іс-сапармен барып кездесу өткіздік. Ол жерде әріптестерімізбен жақсы келіссөздер өткіздік. Сол себептен де, Түркістан облысында бастама бастаймын десеңіздер біз қолдауға дайынбыз»

Өңірде бұдан бөлек тағы бір жаңа кәсіпорын ашылмақ. Бір рет қолданатын ыдыстар, фудкорттарға қажетті ыдыс-аяқ және полиэтилен пакеттерін шығаруда көшбасшы компания «QazaqPlast» өз жобасын Түркістанда жүзеге асыруға ниетті. Облыс әкімі жауапты басшыларға жаңа жобаларды сүйемелдеу, қолдау көрсету жөнінде нақты міндеттер жүктеді.