Үкімет АЭС салу бойынша референдум өткізуге қаулы қабылдады

26
фото Үкімет үйі

Үкімет отырысында ғалымдардың қатысуымен еліміздегі атом энергетикасын дамыту перспективалары қаралды. Талқылаудың нәтижесінде қазақстандықтардың пікірі ескерілетін болды. Үкімет АЭС салу бойынша референдум өткізуге қатысты қаулы қабылдады.

Энергия тапшылығын шешу мақсатында республикада атом электростанциясын салу мәселесі ел арасында қызу талқылануда. Сала мамандары мен ғалымдардың қатысуымен өткен бүгінгі Үкімет отырысында да өзекті мәселе етене қаралды. Оның қорытындысы бойынша Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «Республикалық референдум өткізу туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасы туралы» Үкімет қаулысының жобасын қарауға енгізуге ұсыныс жасады.

Алмасадам Сәтқалиев Энергетика министрі:  «Референдум өткізу атом энергетикасын дамыту және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде салмақты шешім қабылдауға көмектеседі. Бүгін біз тарихи оқиға қарсаңында тұрмыз. Біз, қазақстандықтар, елімізде тұрақты, экологиялық таза және үнемді электр қуатының болуы үшін маңызды шешім қабылдауымыз керек. Бұл біздің болашағымызды айқындайтын шешім».

Үкімет басшысы Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мәселесі көптен бері көтеріліп келе жатқанын және бұл саланың келешегі зор екенін атап өтті.  Бүгінде елімізде ядролық отын өндірісі толықтай дерлік игерілген, шағын реакторларды пайдалану тәжірибесі жинақталды. Бұл бағытта мамандар мен ғалымдарымыз да бар. Кадр даярлауға да көңіл бөлініп келеді.Сондықтан атом энергетикасын дамытудың келесі кезеңіне көшу дұрыс қадам болып отыр. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл әсіресе, еліміздің энергетикалық инфрақұрылымына жүктеме артуының маңызы айрықша екенін атап өтті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: «Біздің еліміз сияқты ең көп энергия пайдаланатын экономиканы дамытуға дәл осы атом энергетикасы негіз болып, халықтың тұрмыс деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік беруге тиіс. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, атом энергетикасы экономиканың көптеген салаларында инновацияларды қолдануға ынталандырады. Әрі отандық өнеркәсіптің дамуына да үлкен серпін береді. Сондықтан біз өзімізде баламасы жоқ тұрақты және сенімді энергия көзінен тыс қала алмаймыз»

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, бүгінде әлемнің 31 елінде 415 ядролық энергоблок жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 15 мемлекетте, соның ішінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания мен Түркияда жаңадан 61 атом станциясының құрылысы жүруде. Өйткені жаһандық күн тәртібінде көміртегі бейтараптығы мәселесі тұр. Осы тұрғыдан алғанда да аталған мәселенің маңызы арта беретіні заңдылық.

Бүгінде Қазақстанда ЖЭО-ның кейбірін газға ауыстырып, жаңа бу-газ қондырғыларын салынып жатыр. Алайда экономиканың дамуы мен халық санының өсуін ескерсек, келешекте ол да электр энергиясының тапшылығын жабуға жеткіліксіз болады. Атом энергетикасын дамыту – біз үшін болашағы өте зор бағыт деп атап өтті Үкімет басшысы. Мәселені қарау қорытындысы бойынша дауыс беру жүргізілді. Ұсынылған Үкімет қаулысының жобасы бірауыздан қолдау тапты. Энергетика министрлігіне Үкімет Аппаратымен бірлесіп Президент Әкімшілігіне Жарлық жобасын енгізу тапсырылды.