Жастарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

27
фото: Отырар.кз
Үшінші мегаполистің 17 мың адамы жұмыссыз. Ал 8 мыңнан аса жас жыл басынан бері екі қолға бір күрек тауып, еңбек жолын бастады. Дегенмен әлі мамандығына сай жұмыс таба алмай жүргендер де бар. Сондай азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында қалада  «Еңбек — бәрін де жеңбек»  бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.
Үшінші мегаполисте 17 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Сондықтан халықаралық жастар күніне орай бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда 35 жасқа дейінге қала тұрғындарына арнап 30-ға жуық жұмыс беруші қызмет орнын ұсынды.
«2 мыңға тарта жұмыс орны қарастырылған. Қазір 22 кәсіпорын өз зауыттарынан жұмыс орнын ұсынып отыр. Соны жастарымызға айтып, жұмысқа орналасуына септігімізді тигізуді мақсат еттік», — дейді Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Рауан Қыпшақбаев.
Қазір қаладағы екі қолға 1 күрек таба алмай жүрген жастардың көрсеткіші 2,9 пайызды құрайды. Бұл статистиканы төмендету мақсатында субсидияланған жұмыс орындары құрылған. Сонымен қатар, арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкеде 1000-нан аса бос орын дайындап қойдық дейді мамандар.
«Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан 1150 судсидияланған жұмыс орны ұсынылды. Оның ішінде алғашқы жұмыс орны бар, ұрпақтар келісімшарты бар, жастар практикасы бойынша ұсынып отырмыз. Орта есеппен 20 адам жұмыссыз ретінде келсе, соның 15-ін тұрақты жұмыспен қамтып жатырмыз. Бүгін жастар күніне орай бос орындар жәрмеңкесі өтті. Енді мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, пробация тіркеуінде тұрған азаматтарға өткіземіз», — дейді Тұран ауданы мансап орталығының басшысы Нұрбол Шымкентбаев.
Іс-шарада жұмыс ұсынғандардың басым бөлігі техникалық мамандарды қажет ететін ірі кәсіпорындар. Онда 350-ден астам адамға жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламалары жайында кеңес берілді. Айта кетерігі, жыл басынан бері шаһарымызда 8300 жасы жұмысқа орналасып, нәпақасын тауып отыр.