10 жыл күткен еліміздегі ең үлкен туннель ашылды

33
Фото: Отырар.кз

Бүгін Қазақстандағы тұңғыш әрі ең үлкен туннель ашылды. Бұл нысан Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің бойында орналасқан. Ұзындығы 800 метр, екі жолақты жолдан сағатына 100-ден аса көлік өте алады.

Қазақстандағы алғашқы үлкен туннель пайдалануға берілді. Тау арасын тесіп жасалған нысан құрылысы 10 жылға жуық уақытқа созылған еді. Ал бүгін жоба аяқталып, Жамбыл мен Түркістан облысының тұрғындарын қуанышқа бөледі. Жауаптылар нысан құрылысының кешігу себебін түсіндірді.

«Пандемияға байланысты бұл туннелдің ішіне керек құрылыс заттарын әкелу, тапсырыс беруде қиындық туындады. Біршама кедергі болды. Бүгін бұл қиындықтың бәрі бітіп, туннельдің ашылу салтанаты өтіп жатыр. Туннель осы елдің игілігіне, жол пайдаланушылардың игілігіне қауіпсіз қызмет етеді деп ойлаймыз», — дейді ҚР көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев.

Туннельдің ұзындығы 840, биіктігі 8 метрді құрайды! Нысан ерекшелігі заманауи қондырғылармен жабдықталған, атап айтқанда, тау суын реттеп отыратын арнайы құрылғы орнатылған. Сонымен қатар, бұл жер сейсмикалық тұрғыдан қауіпсіз, оның ішінде желдету жүйесі қойылып, мұнда төтенше жайдай орын алғанда дер кезінде хабарлар ететін құрал да қарастырылған. Жаңа туннель екі облыстың ғана емес, көршілес елдердің көлік-логистикалық жүйесіне оң әсерін тигізеді деп жоспарланған.

«Бұл жерде туннель салынбаған жағдайда жолдың еңістігі 45 метрге дейін жоғары шығу керек еді. Бұл осындағы қозғалыс жылдамдығын сағатына 20-30 км-ге дейін төмендетеді. Содан кейін 45 ойық жасауды ойлағанбыз. Бірақ оны боран болған кезде басып қалуы мүмкін еді. Енді сол кедергілер, тәуекелдер болмайды», — дейді ҚР көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев.

Туннелдің бір ерекшілігі оны сырттан басқаруға болады. Қандай да бір төтенше жағдай орын алғанда санаулы секундта нысанды жауып, көмек көрсетуге мүмкіндік бар.

«Бұл үлкен желдеткіштер. Ішінде улы газдар болады. көлік көп жүретін болғандықтан, олардан бөлінетін улы газдар, табиғи газдар жиналмас үшін іске қосылады. Бұны қолмен де қосуға болады, өзі автоматты түрде түнде ауаны тазалап тұрады. Туннель ішінде сезгіш құралдар бар. Олар газдың игісін сезсе, бірден сыртқа шығарады. Іште түтін жиналмау керек. Өйткені өрт қаупі бар», — дейді оператор Бауыржан Оспан.

Тіпті мұнда оқыс оқиға кезінде хабарлауға арналған байланыс телефондары да қарастырылған. Туннель Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолында орналасқан. Мұнда еліміз бен бірнеше елден келген жүк тасымалдаушылары еркін өте алады.