14 жастағы оқушы қыз ұлттық аспап жасайды

23

Түркістан облысы Келес ауданында 14 жастағы қыз домбыра жасаумен айналысады. Жас шебердің жасаған ұлттық жәдігерлері мен қолөнер бұйымдары түрлі көрмелерге қойылған. Талантты арудың бұл салаға деген қызығушылығын атасы оятқан екен. 

14 жастағы Кәусар Сүндетқұл ағаш ойып, аспап жасайды. Еңбекқор ару домбыра, қобыз сынды ұлттық аспаптар мен қатар қолөнер бұйымдарын жасаумен де айналысады. Бүгінде талантты оқушының жасап шыққан заттары түрлі көрмелерге қойылған.

Кәусар Сүндетқұл, жас шебер: «Мен қолөнерге кішкентай кезімнен бастап қызықтым. Атамның істеген жұмыстарына қарап, мен де жасауды армандай бастадым. Атама рақмет осыларды жасауды үйретті. Қазіргі таңда мен домбыра, қобыз және басқа да аспаптарды жасаймын. Біз атам екеуміз мына Қожа Ахмет Яссауи кесенесін жасадық. Осындай бұйымдарды, аспаптарды жасаған кезде менде мақтаныш сезімі болады»

Жас шебердің бойына аспап жасау өнері қанмен дарыған екен. Себебі Кәусардың атасы — Сүндетқұл Сапарбеков ағаштан түйін түйген тәжірибелі шебер. Ол 20 жылдан бері қолөнермен айналысады. Немересінің бұйым жасауға деген бейімін, қыз атасына қолқабыс жасап жүргенде байқапты.

Сүндетқұл Сапарбеков, Кәусардың атасы: «Кәусар қызымның қолынан аспап жасау келеді. Өзі қызығып, қасымнан шықпайды әйтеуір. Мынау қалай болады деп сұрап жүреді. Кейін мен айтамын, үйретемін. Қабілеті бар. Енді соны үйретіп жатырмыз. Ол да бір шебер болып шығар»

Кәусар Сүндетқұл бүгінде 9-шы сыныпта оқиды. Оқуда озат дарынды ару түрлі деңгейдегі байқауларда да жеңіс тұғырынан көрініп жүрген екен.

Сапарбек Айтмырзаұлы, №47 Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектебі директорының м.а: «Кәусар оқушымыздың білімі өте жақсы. Қоғамдық жұмыстарға да атсалысуы жоғары деңгейде. Сабаққа деген, еңбекке деген құлшынысы және тәрбиесі де өте жақсы»

Бос уақытын тиімді пайдаланып, өнер үйреніп жүрген талантты қыз өз қатарына үлгі болып жүр. Бүгінде Кәусардың жасаған бұйымдары ауыл тұрғындары арасында сұранысқа ие.