550 орындық жатақхана пайдалануға берілді

32

Шымкенттегі оқу орындарының бірі су жаңа жатақханамен толықты. 550 орынға арналған студенттер үйі жаңа оқу жылының басында пайдалануға берілді. Ғимаратта студенттерге арналған оқу залы, ас бөлмесі және демалыс аймағында кинотеатр бар. 

Шымкентте 550 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Студенттер, магистранттар және докторанттарға арнап қонақ үй үлгісінде салынған жатақхананың ресми лентасы қиылды.

1-курс студенті Айым Рахманқұлқызы жатақханаға енді ғана көшіп келді. Бойжеткен ең бастысы студенттер үйінің тиімді бағасы мен қолайлы жағдайы көңілден шықты дейді. Сөзінше, жатақханада студенттер үшін барлық жағдай жасалған.

Айым Рахманқұлқызы, студент: «31-і күні көшіп келдім, өте қатты ұнап жатыр. Келгеннен бастап барлығы көмектесіп жатыр. Бағасы қолайлы, маған өте қатты ұнады. Ішінде шкаф, кондиционер бар, дивандары да өте ыңғайлы».

Студенттер үйінің әр бөлмесі қажетті жиһаздармен жабдықталып, жеке жуынатын бөлме мен әжетхана қарастырылған. Ғимаратта студенттерге арналған оқу залы, ас бөлмесі және демалыс аймағында кинотеатр бар.

Ғани Бесбаев, М.Әуезов атындағы ОҚУ әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры: «Бұл жатақхананың ерекшелігі — заманауи техникамен жабдықталған. Студенттерге барлық жағдай жасалған. Локациясы біздің университетке тиімді болып тұр. Біздің университеттің 1600 студенті жатақханамен қамтамасыз етілген. Ал қалған 2200 орны бар 4 жатақханаға студенттерді орналастырып отырған жағдайымыз бар. Қазіргі таңда 550 адамның 98 пайызына студенттер толды».

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің заманауи техникамен жабдықталған су жаңа жатақханасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерді.

Бексұлтан Үсіпәлі, «SUNRISE CY» ЖШС директоры: «Баршаларыңызды жатақхананың ашылуымен құттықтаймын! Өзім оқыған университетке 550 орындық студентке беріп жатырмыз. Құтты болсын!»

Бұл жоғары оқу орнының бой көтерген төртінші жатақханасы. Жалпы биыл білім ұясына 6313 студент оқуға түссе, жатақханада тұруға 2565 өтінім келіпті. Оның 98 пайызын қамтып отырмыз дейді университет проректоры.