Апатты ма? Апатты емес пе?! Жаңа оқу жылы басталғалы осындай сауалмен оқушылар мен ата-аналарды біраз әуреге салған білім ұясына қатысты жағдайы белгілі болды. №33 жалпы орта мектеп оқушылары қазан айынан бастап өз ғимаратында білім алуды жалғастырады. Себебі, жауапты басқарма қайта жүргізген сараптама нәтижесі бойынша, айтулы нысан апатты жағдайда емес деп танылған.
№33 жалпы орта мектеп оқушылары өз ғимаратында қайта білім алады. Бұл туралы мегаполистің бас ұстазы мәлімдеді. Еске сала кетсек, биыл мектеп басшылығы ғимараттың техникалық жағдайына талдау жүргізіп, оны “апатты” деп таныған еді. Алайда, Шымкент әкімінің тапсырмасына сәйкес, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тәуелсіз сараптама жасады.
Нұргүл Шәмшиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы:
«Сол сараптама нәтижесі күні кеше белгілі болды. Сараптама нәтижесіне сәйкес мектеп ғимараты апатты емес. Және де жөндеуге болады деген қорытынды алдық. Қазіргі уақытта мектептің су кеткен бөлігін жөндеуден өткізу бойынша шешім бар. Қазір сол бөлігін ғана жауып қоямыз. Басқа А және Б блогында жуып тазалау жұмыстары жүргізіліп, балаларды жайғастырамыз»
Қайта тексеру барысында мектептің кәріз жүйесінен ақаулар анықталған. Ғимарат қабырғасындағы көгеру мен жарықтар соның салдарынан болған көрінеді. Алайда мамандар бұл кемшіліктердің нысанның сейсмикалық беріктігіне әсер етпейтінін айтып отыр. Бүгінде бұл мектепте кәріз жүйесін жаңартылып, тиісті жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Енді келер аптадан бастап оқушылар өз мектебінде білімін қайта жалғастырады. Айта кетейік, қазіргі таңда бастауыш сынып оқушылары «Раушан Үкібас» жеке мектебінің ғимаратында оқып жатыр. Ал 5-11 сынып оқушылары №2 өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына уақытша орналастырылған.