Елімізде алғаш рет ерекше балаларға арналған колледж ашылды

48

Елімізде алғаш рет ерекше балаларға арналған колледж ашылды. Енді мемлекеттік тапсырыспен келген 48 студент екі мамандық бойынша білім алады. Шымкенттегі мектеп-интернаттың жанынан ашылып отырған білім ошағы биыл жұмысын бастап отыр.

Ерекше күтімді қажет ететін бұл ұл-қыздар үшін жаңа оқу жылы қуанышты жаңалықпен басталды. 9 жыл мектепте білім алған балалар енді колледж студенті атанды. Олар еліміздегі алғашқы ерекше балаларға арналған оқу ордасында білім алмақ.

Перизат Әшірбаеваның баласы ерекше күтімді қажет етеді. Ол енді осы колледжде 3 жыл білім алып, ағаш шебері болып шығады. Ерасылдың тігін саласына да қызығушылығы бар екен. Осылайша ерекше бала екі мамандықты қоса алып жүруді армандайтын көрінеді.

Перизат Әшірбаева, қала тұрғыны: «Енді бұл балалар бір мамандық иесі болмаса, еш жер жұмысқа алмайды ғой. Балам ешқашан қолына ине ұстап көрмеген. Кеше ине алып, тігіп отырғанын көріп қуанып қалдым».

Ерекше балалардың ата-аналары енді ұл-қыздарының орта білім мен қатар кәсіпті де игеріп шығатынына қуанышты. Оқу ордасында студенттердің мұғалімдерімен қатар жандарында үнемі бақылап жүретін қараушылары да болады. Тіпті, бұл топтағы студенттерге арнайы академиялық еркіндік берілген. Колледжде жатып оқуға немесе үйден қатынап білім алуға болады.

Зарифжан Құранбаев, директордың оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары: «Бағдарламамызды жеңілдетіп жазамыз. Және осы бағдарлама бойынша сабақ өтеміз. Практикалық және теориялық сабақтарды бірге алып жүреміз. Өйткені, олар көп нәрсені тез ұмытып қалады»

Ерекше колледж Сайрам тұрғын алабындағы мектеп-интернаттың жанынан ашылған. Жарты ғасырлық тарихы бар білім ордасында 300-ден аса оқушы оқып, өмірге бейімделеді.

Жадыра Таңатарова, Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінің директоры: «Аспаздық және аяқ киім шебері мамандығын қосымша алып жатырмыз. Сонымен қатар кеше біз оқушылар мен ата-аналармен танысып осы 48 баланың өтінішін тыңдадық. Біз қысқа мерзімді курстарды ашуды жоспарлап отырмыз. Яғни, мобилография, IT мамандықтары мен шаштараз бойынша»

Колледж тағдыр тәлкегіне түскен балаларды маман ретінде даярлап қана қоймай, түрлі іс-шараларға қатыстырады. Бұл өмір сүруге ынталы балаларға үлкен бақыт сыйлайды.