«Сауатты жарнама» акциясы, көрнекі ақпараттардағы тіл тазалығын сақтау төңірегіндегі түсіндіру жұмыстары Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт, Ақбұлақ ауылдарында жалғасты. Акция аясында ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бабындағы Көрнекi ақпарат мәтiні кәсіп иелеріне түсіндірілді.
Атқарылған жұмысқа келетін болсақ, Қарамұрт, Ақбұлақ елдімекенінде орналасқан «PARIS» турагенттігі, «Арзу» балалар мен әйелдер массажы, «Кәусар» әйелдер киімі, «Қарамұрт» бастапқы медициналық санитарлық көмек орталығы секілді жалпы 44 кәсіпкерлік нысанның жарнама жазуларына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде — 20-сы түзетілді, 24 кәсіпкерлік нысан иесіне ауыстыруға уақыт беруге қатысты хабарлама берілді. Сондай-ақ, Қарамұрт, Ақбұлақ ауылындағы көше атауы жазылған бірнеше аншлагтардың ескіргені анықталды.
Акция аясында аудан аумағындағы кәсіпкерлік нысандарды Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дәулетхан Алашбаев бастаған топ мүшелері аралап шықты.
Тіл жанашырлары тұрғындарды көшелердегі сыртқы (көрнекі) жарнамада кездесетін кез келген қателікке бейжай қарамауға шақырып, сауатсыз жарнамаға жол бермеуге, қандайда бір заңға қайшы келетін жарнама, нысан атауларын көрген жағдайда, Сайрам ауданының тілдерді оқыту және дамыту орталығының 87752911992 нөміріндегі «Whatsapp» мессенжеріне хабарласуларын сұрайды.