Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен кезекті мәжілісте Түркістан аумағын көгалдандыру бойынша күзгі мезгілге жоспарланған жұмыс жүктемесі сараланды.
Күн тәртібіне сәйкес сөз алған «Жасыл Түркістан» КММ директоры Ақәділ Қондыбаев ағаш егу науқаны қазан айында басталатынын атап өтті. Жапырақты, жемісті, бұталы 18 түрлі 205 000 ағаш отырғызылады деп күтілуде. Оның ішінде 134 мың түп Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман қорынан алынады. Мердігерлер тарапынан кепілдеме міндеттеме есебінен 15 600 түп ағаш қайта егіледі.
Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Нұрлан Тілешұлы өз кезегінде «Күлтөбе» аймағын абаттандыру жобасы бойынша қазіргі таңда келісім-шарт жасалғанын жеткізді. Жоба аясында 10 гектардан астам аумақ абаттандырылады. Серуендеуге қолайлы орта жасау мақсатында аяқжолдар төселіп, жарықшамдар орнатылады. Көгал егіліп, сәндік ағаштар отырғызылады. Сонымен қатар, демалыс орнының сәулеттік келбетін ашу мақсатында голограммалы қондырғылар орнату қарастырылған.
«Бірлік» тұрғын алабындағы демалыс аймағының құрылысы қазіргі таңда 90 пайызға орындалып, соңына таяп келеді. Мұнда арнайы автотұрақ, ойын және спорт алаңшалары жасақталып, отырып демалуға арнайы орындар ыңғайластырылған. Жалпы қала бойынша 2023-жылдан өтпелі 10 ойын алаңшасы, құрылысы биыл жүзеге асқан 18 ойын алаңшасы және 10 стрит-воркаут пайдалануға берілді.
Кәріз жүйесін жүргізу құрылысы 18 нысанда жүзеге асуда. Оның үшеуін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
«Таза Қазақстан» эко-акциясы аясында сенбіліктер жоспарлы түрде жалғасуда. 8-14 қыркүйек арасында қоғамдық орындарды ластаған 137 азаматқа, елді мекендерді абаттандыру ережелерін бұзған 70 азаматқа хаттама толтырылып, жолдарды және басқа жол құрылыстарын бүлдірген 14 жүк көлігіне айыппұл салынған.
Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімі қала аумағында анықталған кемшіліктер бойынша мәлімет ұсынды.
Берілген тапсырмаларды пысықтай келе Нұрбол Әбдісаттарұлы:
— 2025 жылғы жұмыс жоспарында басымдық жолға берілуі тиіс екенін тағы да ескертемін. Кәріз жүйесінің құрылысы биыл аяқталған көшелердің келесі жылы асфальттануына күш салу қажет. Жобалау-сметалық құжаттарды мерзімінен кешіктірмеуге жұмыс жасаңыздар. Жылдың аяқталуына үш ай қалды. Білгенге, үш ай – ұзақ мерзім емес. Алдымызда жауын-шашын кезеңі келеді, күн суытады. Осыған орай, жауапты мекемелер, қаладағы инфрақұрылым және коммуникация жүйелері жұмысының үздіксіз атқарылуын қамтамасыз ету үшін жедел әрекет ету бригадаларының кезекшілігін бекітсін, — деді.
Мәжіліс қорытындысымен қала әкімінің тапсырма-жоспары қайта түзіліп, бекітілді.