13 қалалық мектепте оқушылар саны олардың жобалық қуатынан бірнеше есе көп. Бұл мәселені шешу мақсатында мегаполисте оларға қосымша ғимараттар салуға және әртүрлі ұйымдардан ғимараттарын жалға алуға шешім қабылдады. Алайда, бұл шешім көпшіліктің көңілінен шықпады. Мектептердің бірінде ата-аналар ыңғайсыз жағдайларға байланысты балаларын ауыстырудан бас тартып отыр. Шымкенттегі үш ауысым мәселесі қалай шешілмек?
29-шы мектеп оқушыларының ата-аналары Шымкент қаласының білім басқармасының алдына жиналды. Себеп, мектеп жаңа оқу жылында 6 және 7 сынып оқушыларын оқу ғимаратына сыйғыза алмапты.
Светлана Сахнова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біздің мектеп директорымыз бұрын шеберхана болған №29-шы мектептің жанындағы ғимарат апатты деп танылғанын айтты. Нысан пайдалануға жарамсыз екен. Сондықтан біздің балаларымыз басқа жерде дәріс алуы керек деп отыр».
700 орынға шақталған мектепте қазіргі таңда екі есе көп оқушы оқиды. Сынып бөлмелер санын арттыру үшін мекеме өзге ғимаратты жалға алу туралы шешім қабылдаған. Алайда, жаңа қоныс ата-аналардың көңілінен шықпады. Тар дәліздер мен бөлмелер, ортақ дәретханалар – мұның бәрі ата-аналар мен шәкірттердің наразылық тудырып отыр. Жанжал басталғаннан кейін директор Майра Мамахова басқа нысанға көшу шешімінен бас тартылды деп сендірді.
Майра Мамахова, мектеп директоры: «Ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 100-ден астам бала өздерінің мекенжайы бойынша көшті. Сонымен, біз қазір кесте құрдық, оқушыларды жайғастыратын орындар жеткілікті, мәселе шешілді».
Жаңа оқу жылында шаһардағы 13 мектеп оқушысы межеден артық білім ордалар тізіміне енді. Білім басқармасындағылар проблеманың бар екенін растап отыр. Дегенмен бөлім басшысы Әшірбек Әдиев кейбір білім ошақтарындағы үш ауысымдық оқыту мәселесі, мектеп жанында қосымша ғимараттар салу арқылы шешімін тапқанын айтады. Алайда, басты үміт – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы.
Әшірбек Әдиев, Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы: «Қазір қалада үш ауысымдық оқу режиміне ауысатын 13 мектеп бар. Бірақ мәселе биыл шешілуі керек. Қалада жақын арада жаңа жайлы мектептер ашылмақ. Ол туралы уәде бар».
2025 жылдың соңына дейін республика аумағында заманауи үлгідегі 217 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Президент Қазақстан халқына Жолдауында бұл мәселе өте өзекті екенін атап өтті. Үкімет пен әкімдерге бұл жұмысқа белсенді түрде жұмылдыру тапсырылды.
Шымкентте жайлы мектептер негізінен бұрын оқу орындары болмаған шағын аудандарда ашылады. Бұл балалардың білім алу үшін қаланың басқа бөлігіне сандалуына жол бермейді. Биыл мегаполисте 11 жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашады.