Нотариус заң талаптарын сақтамағаны үшін лицензиясынан айырылды

23
Фото: istockphoto.com

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы, талап қоюшы Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің талап қоюы бойынша жауапкер Шымкент қаласының нотариусы С.-ты мемлекеттік лицензиядан айыру туралы азаматтық істі апелляциялық тәртіпте қарады.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған. Сот алқасы, бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспей, шешімнің күшін жойды. Жауапкер С. нотариус қызметімен айналысу құқығын беретін 2022 жылғы 1 сәуірдегі мемлекеттік лицензиясынан айырылған.
Нотариусты мемлекеттік лицензиясынан айыруға, оның «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және Нотариустердың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесінің талаптарын бұза отырып, яғни борышкердің берешек сомасын жазбаша тануын растайтын құжаттар ұсынылмағанына қарамай атқарушылық жазбаларды жасаған.
Осы ретте, аталған атқарушылық жазбаларды жасау, жеке тұлғалардан, яғни борышкерлерден негізсіз және заңсыз ақша өндіру іс-әрекеттері орын алған. Сәйкесінше, жеке тұлғалардың мүдделері бұзылып, оларға залал келген.
Сонымен қатар, нотариус қызметін атқарып жүрген уақытта, бірнеше рет заң бұзушылыққа жол бергені негіз болған.
Алқа, осы мән-жайларды және заң талаптарын назарға алып, жауапкер С.-ты нотариус қызметімен айналысу құқығын беретін мемлекеттік лицензиясынан айыруды жөн деп тапты. Сот актісі заңды күшіне енді.