Полицейді пышақтап кеткен күдікті 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

26

Шымкентте белгісіз ер адам полицейді пышақтап, оқиға орнынан қашып кетті. Оқиға 1 қыркүйек күні Д.Қонаев даңғылында орын алды. Тәртіп сақшысының жағдайы туралы дәрігерлер мәлімдеме жасады. Ал, полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап, үстінен қылмыстық іс қозғады.

Шымкентте белгісіз ер адам полицейді пышақтап кетті. Оқиға 1 қыркүйек күні Д. Қонаев даңғылында орын алды. Видеодан көріп тұрғанымыздай, әлдебіреу жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп тұрған тәртіп сақшысының артынан пышақ жарақатын салып, қылмыс орнынан қашып кетеді. Науқас дер кезінде ауруханаға жеткізіліп, оған ота жасалды. Бүгінде патрульдік полиция қызметкерінің жағдайы қалыпты.

Талғат Шәуенов, №1 қалалық клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі:
«Азаматты тексеріп, жылдам операцияға алдық. Бірінші, жараны хирургиялық өңдеу операциясын жасадық. Бел омыртқасы бұлшықеттерінінің жарақаттануы және сыртқа қан кету белгілеріменен ота жасалды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы бірқалыпты, орташа. Компьютерлік томография жасадық. Бел омыртқасының бұзылуы анықталған жоқ»

Қылмыс жасады деген күдікті ізін суытпай қолға түсті. Бүгінде оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Енді шабуыл жасаған ер адам 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Арман Бейсенбаев, Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары:
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде ізін суытпай күдікті азамат құрықталды. Қазіргі таңда ол қамауға алынды. Орын алған жайт бойынша ҚК 380 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тиісті тергеу амалдары жүргізілуде»

Жараланған полицей тиісті ем-дмомнан кейін үйіне шығарылады. Ал, күдіктінің неліктен мұндай әрекетке барғаны әлі де беймәлім.