Еңбегіне қарай құрмет. Өз жұмысын адалдықпен атқарған әр адам құрметке лайықты. Бұл туралы Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айырықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», — деді мемлекет басшысы.
Үкімет әлеуметтің әлеуетін көтеру үшін барынша жағдай жасауда. Мемлекеттік бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бағытталған. Жыл сайын ең төменгі және базалық зейнетақы, сондай-ақ жалақы мөлшері өсіп келеді. Колледж студенттеріне берілетін стипендия мөлшері 50%-ға, бакалавриатқа 20%-ға, магистратура мен докторантураға 15%-ға артты. 1 қыркүйектен бастап 445 мың студенттің стипендиясы өседі.