Қауіпті ойындар мен контентке тосқауыл қою қажет

21
фото Ашық дереккөз

«Балалардың санасын улайтын қауіпті контентке тосқауыл қойып, жүктемелер мен ойындарды бақылауға алу қажет». Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың бұл ұсынысын шымкенттік ата-аналар да қолдап отыр. Баласының болашағына алаңдаған жандар мемлекет тарапынан бақылау күшейтілсе екен дейді. Бұл тұрғыда психологтар төменгі сынып оқушыларының тәуекел тобында екенін айтады.

«Барлық қауіпті контентке қатаң тосқауыл қойылсын». Осылай деген Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі ойындарға, қауіпті жүктемелер мен мессенджерлерге бақылау керек екенін айтты. Кейінгі уақытта белең алған жастар арасындағы суицидке бірден-бір себеп желідегі қауіпті жүктемелер дейді ол. Депутат бүлдіршіндердің санасын улайтын контентті жоймаған мессенджерлерді толықтай бұғаттауды ұсынды.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Соңғы күндері балаларымыздың өз-өзіне қол жұмсау фактілері қоғамның қатты алаңдаушылығын тудыруда. Бұл жантүршігерлік қайғылы жағдайлар ешкімді бей-жай қалдырмағаны анық. Айдың-күннің аманында желкілдеп өсіп келе жатқан өрендерімізден айырылдық. Ал енді осы қылмыстарды іске асыруға жағдай туғызып отырған әлеуметтік желілер мен мессенджерлер екенін ашық ақпарат көздерінен оқудамыз. Оны жалтақтамай айту қажет деп санаймын. Олар санасы әлі қатпаған жеткіншектеріміздің психикасына теріс әсер ететін құралға айналды. Ең сорақысы сол, бұл ойындар мен квесттер психологиялық тұрғыдан айтқанға көндіру дағдыларын қолдана отырып, кәсіби түрде жасалуда».

Түрлі тапсырма беріп, баланың миын улайтын ойындардан қауіптенген ата-аналар да дабыл қағып отыр. Олар бүлдіршіннің қауіпсіздігі ең бірінші әкесі мен анасының жауапкершілігінде екенін айтады. Бүгінде шымкенттік ата-аналар балаларға ешқандай ойын мен күдікті мессенджерлер жүктелмейтін қарапайым телефондарды ұстауды ұсынып отыр.

Айсұлу Закарияқызы, ата-ана: «Балалар сағат 14:00-де шығатын болса, біреуі ақындыққа кіреді, кішкентайлармен жүрем өзім. Телефоннан картамен барды ма қарап бақылап отырамын, ағайларынан сұрап біліп отырамын. Бірінші бұл жерде ата-ананың жауапкершілігі болуы керек. Кешке біз алып қоямыз телефондарын. Қазір біз жай телефон ұстатайық деп ұсыныс беріп отырмыз ата-аналар».

Психологтар мұндай қауіпті ойындарға қызығып, тапсырмаларды орындайтындар көп жағдайда төменгі сынып оқушылары екенін айтады. Себебі, бұл жастағы балалардың психикалық дамуы толық қалыптаспағандықтан олардың санасына әсер етуі оңай. Сондықтан, балаларға екіжақты бақылау қажет дейді.

Сандуғаш Кеңесбекқызы, №65 мектеп психологі: «Бұл қай кезеңдегі балаларға әсер етеді десеңіз, әсіресе бастауыштан орта буынға өткендерге. Өйткені олардың психикалық дамуы әлі қалыптаспаған, сол себепті тез әсер етеді. Суицидқа жақын баланың шкаласын көрсететін қызыл, жасыл, сары деңгейі көрінеді. Қызыл деңгей көрсеткенде біз баламен жеке жұмыс жасай бастаймыз».

Білім беру саласының мамандары балалар арасында суицидтің алдын алу бойынша жылдық жоспар бар болғанымен, кейінгі жағдайларға байланысты жұмыстың күшейгенін жеткізді. Қазір қауіпті сайттар мен қосымшаларды анықтап, тізімді тиісті министрлікке жолдаған көрінеді.

Райхан Халилаева, Қосымша білім беру оқу-салалық орталығының психологиялық қолдау бөлімі әдіскері: «Біз орталықтан білім беру ұйымдарына хат жолданған болатын. «Осындай сайттарды анықтаған жағдайда, байқаған жағдайда бізге кері байланыс беру туралы. Қандай сайттар бар балалар кіріп жүрген, сол сайттардың барлығын жинақтап, мониторинг жасап, ішінде көп кездесетінін біз цифрландыру министрілігне жіберген болатынбыз».

Мамандар суицид белгілерінің қатарында тәбеттің төмендеуі, уақытында тамақ ішпеу, оқшаулану, отбасы мүшелерімен, сыныптастарымен қарым-қатынастың өзгеруі, сабақ үлгерімінің төмендеуі бар екенін айтады. Егер белгілердің біреуін байқаған жағдайда, баламен көп уақыт өткізіп, мамандардың көмегіне жүгіну қажет.