«Sеitzhan school» мектебінің 3 ұстазы жаңа пәтер иесі атанды

36

Жаңа оқу жылы «Sеitzhan school» мектебінің ұжымы үшін қуанышты басталды. Білім ұясының ұстаздарына жаңа пәтерге сертификат сыйға берілді. Үш мұғалім 2 және 3 бөлмелі пәтердің иесі атанды. 

Қайрат Орынбаев үшін бірінші қыркүйек тек білім күні ғана емес, енді жаңа баспананың иесі атанған күн. Онжылдық еңбек өтілі бар мұғалім жаңа оқу жылының басында 3 бөлмелі пәтердің иесі атанды. Жоғары сыныпқа математика пәнінен сабақ беретін ұстаз еңбегін бағалап, керемет мүмкіндік сыйлағандарға ерекше алғысын білдірді.

Қайрат Орынбаев, математика пәнінің мұғалімі: «Өте қуаныштымын! Ұстаздардың еңбегін бағалай отырып, пәтер беріп жатқанына үлкен рахмет! Осы жерде ашылғанынан бері жұмыс істеп жатырмын. 1 жыл болды жұмыс жасап жатқанымызға».

«Sеitzhan school» мектебінің құрылтайшысы білім күніне арналған салтанатты жиында үш ұстазға су жаңа пәтерлерлердің кілтін табыстады. Бұл марапат мұғалімдердің білім беру саласындағы қажырлы еңбегіне деген шынайы құрмет пен алғыс ретінде беріліп отыр. Ұстаздарға табысталған пәтерлер 2 және 3 бөлмелі. Ал жаңа баспана иелері математика, жүзу және орыс тілі мен әдембиеті пәні мұғалімдері.

Әлімжан Құртаев, «Sеitzhan school» мектебінің құрылтайшысы: «Sеitzhan school» мектебі «OKS Group» компаниясымен бірлесіп, мектептің тәжірибелі, білімді ұстаздарына жеңілдетілген мүмкіндіктермен пәтер сыйлап отыр. Бұл «Отбасы банктің» қолдауымен, өтіп отырған іс-шара. Алғашқы төлемсіз, жылдық 5 пайызбен, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген ұстаздарға берілетін пәтерлер. Биыл үш пәтер сыйға тартылды».

«Sеitzhan school» мектебі 2024-2025 оқу жылын 600-ден астам оқушымен бастады. Білім ұжымының қатарына Қазақстанның әр өңірінен 11 мұғалім қосылды. Биылғы оқу жылында мектеп Білім-Инновация лицейлерінің жүйесімен жұмыс істейді. Бұл жүйе оқушыларға білім мен саналы тәрбие алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылында мектептің басшысы мен ұжымы стратегиялық мақсаттарға жету үшін білім сапасын арттыруға және инновациялық әдістемелерді енгізуге күш салып отыр. Мектеп — оқушылардың болашағына жол ашып, республикалық деңгейде жетекші білім ордаларының бірі екендігін айшықтайды.

Мекенжайы: Шымкент қ., Абай ауданы, 189 квартал, 51/1 ғимараты

Лицензия: № KZ64LAA00034939
18.09.2023 ж. «Қазақстан Республикасы Білім министрлігі Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің Шымкент қаласының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету басқармасы» мемлекеттік мекемесімен берілді.