27 қыркүйек – халықаралық туризм күні. Туристік әлеуеті күннен күнге дамып келе жатқан үшінші мегаполиске жыл басынан бері 252 мыңнан астам адам келген. Қалада туристер үшін қандай жағдай жасалған? Оларға Шымқала қаншалықты қызық?
Шымкент туристерді несімен қызықтырады? Қалаға келген шетелдіктерді не таңғалдыруы мүмкін? Дәл осындай сауалмен Қазақстанның үшінші мегаполисіне Мароккодан арнайы келген Надия Мукдир алғашында ешқандай ақпарат білмейтін Шымқалаға келу туралы бірнеше рет ойланғанын айтады. Алайда, келген соң қала тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүр мен шымкенттіктердің қонақжайлылығы таңғалдырыпты.
Надия Мукдир, турист: «Мен алғашында Шымкентке бекер бара жатырмын деп ойладым. Бұл қала туралы ешқандай ақпарат білмейтін едім. Бірақ келген соң бұл ойым мүлдем өзгерді. Бұған әсер еткен ең бірінші – қаланың тұрғындары. Өте кішіпейіл, жылы жүзді, қонақжай. Маған ең ұнағаны және қатты әсер қалдырған ұлттық колорит. Қазақтың бұйымдары ерекше әсер қалдырды. Сондай әдемі. Мароккомен Қазақстанның ұқсас тұстары да бар екен. Бұл мені қатты қуантты. Маған Шымкент қатты ұнады».
Шымкентке туристердің басым бөлігі Өзбекстан, Ресей және Қытай елдерінен келген. Биыл алғашқы жартылдықта 253 мыңға жуық адам Шымқала қонағы болған. Туристер үшін 12 ішкі, 5 халықаралық рейс жұмыс істейді. Келушілерді елдің салт-дәстүрі мен тарихы қызықтырады дейді сала мамандары.
Гүлнар Бекмұратова, «Visit Shymkent» туристік ақпарат орталығының бөлім басшысы: «Өзіміздің тарихи-мәдени кешендеріміз бар, орталықтарымыз бар соларды көрсетеміз бірінші кезекте. Келген турист Қазақстанның ерекшелігін көргісі келеді. Біз тек қана тарихи-мәдени емес, табиғатымызды көрсетеміз, одан кейін біздің тамақты, ұлттық тағамдарды көрсетіп дәмін татқызып жатырмыз».
Қалаға ат басын бұрған туристер саны өткен жылға қарағанда 17,5 пайызға артқан. Оларға 144 қонақ үй қызмет көрсетеді. Биыл инвесторлар тарапынан 3 қонақ үй пайдалануға берілсе, тағы бесеуінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Бексұлтан Әділханов, Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы: «Біз қалаға қанша турист келсе де кез-келген санда турист қабылдауға дайынбыз. Себебі қазір қалада 144 орналастыру орындары тұрақты түрде жұмыс жасауда. Орналастыру орындарымен ешқандай мәселе жоқ. 2024 жылдың 6 айында орналастыру орындарымен 5,3 млрд теңгеге қызмет көрсетілген. Бұл алдыңғы жылдың 6 айымен салыстырғанда 36,4 пайызға артып отыр».
Жалпы Шымкент қаласының туризм саласы бойынша іс-шараларға 97 млн. 925 мың теңге бөлініпті. Дегенмен, туристерді тарту бағытында атқарылатын іс-шараларға демеу көрсетушілердің пайда болуына байланысты 65 млн. теңге мемлекетке қайта қайтарылған.
Айта кетейік, қалада бой көтеріп жатқан жаңа әуежай құрылысы аяқталған соң жаңа әуе рейстері ашылып, туристер саны артады деп күтіліп отыр.