Шымкентте экологиялық талаптарды сақтамаған нысандарға 170 млн. теңге айыппұл салынды

3
Фото: Отырар.кз

Шымкентте тұрғындар арасында экологиялық арыз-шағымдар көбейген. Оның қатарында, тұрғын үйлер арасында мал ұстау, көршілердің қалдықтарды өртеуі, түнгі мезгілде қала аумағында жағымсыз иістің шығуы секілді мәселелер бар. Бұл жөнінде Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің басшысы мәлімдеді. Сөзінше, қаладағы 4 кәсіпорынның жұмысы сотта қаралып жатыр.

https://youtu.be/L-Iror5n-3g?si=0fQ20PKyGZGGLwcX

Шымкентте 8 айдың ішінде 23 экологиялық тексеру жүргізілген. Оның ішінде профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексерулер де бар. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 55 әкімшілік іс қозғалып, 48 іс бойынша 170 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Қазіргі уақытта бір іс сот қарауында болса, тағы екі іс полиция департаментіне жолданған.

Ермахан Қозыбаев, Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің басшысы: «Тексерістер нәтижесінде 55 әкімшілік іс қозғалып, оның 48 әкімшілік іс бойынша 171 млн теңгеден астам айыппұл салынды. 1 әкімшілік іс сотта қаралуда. Бұл – күкірт шикізатына қатысты. 2 әкімшілік іс бойынша қылмыстық құрамы бар-жоқтығына қатысты Шымкент қалалық полиция департаментіне іс-құжаттар қаралуда».

Сондай-ақ, қалада тамыз айының өзінде рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын 14 нүкте анықталған. Экология департаменті тарапынан тексеру жүргізіліп, қоршаған ортаны қорғау мәселесі бойынша тиісті жұмысын лайықты деңгейде атқармаған лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды.

Ермахан Қозыбаев, Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің басшысы: «Қаратау ауданы прокуратурасының ұсынысы негізінде аудан аумағында санитарлық тазалау жұмыстарына жауапты Қаратау ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғасына қатысты ӘҚБтК 324-бабы 1 тармағына сәйкес әкімнің орынбасары жауапқа тартылды. Өз қызметін тиісті деңгейде атқармағандығы үшін. Департаментпен 8 айда 86 әкімшілік іс қозғалып, оның 67 іс бойынша 171 млн. теңге айыппұл салынды. Оның 12-сіне ескерту берілді. Салынған әкімшілік айыппұл бойынша мемлекет пайдасына қазіргі таңда 68 млн-нан аса өндіріс өндірілді. 2 әкімшілік айыппұл мәжбүрлеп өндіруге сот орындаушыларға жолданды».

Маман қаладағы ауаны ластайтын кәсіпорындар жөнінде де сөз қозғады. Қазіргі таңда Шымкент ластанудың көтеріңкі деңгейінде тұр. Тексеру барысында анықталған негізгі бұзушылықтар: экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеу, ластаушы заттарды қондырғысыз, фильтрсіз ауаға тастау, рұқсат етілмеген ластау көздерін пайдалану. Бұзушылықтар қаладағы ауа сапасының төмендеуіне әкеліп соқтырады дейді департамент басшысы.