Шымкентте балабақша тәрбиешісі бүлдіршінді ұрып-соғып, аяғынан сүйреген

140

Шымкентте балабақша тәрбиешісі бүлдіршін қызды ұрып-соғып, аяғынан сүйреген. Бұл сәттің видеосы ондағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Аталған оқиғаға қатысты Балалар омбудсмені мен Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет пікір білдірді.

Бейнежазбаны @egovpress Telegram-арнасы жариялады. Ондағы мәліметке сүйенсек, оқиға «Сүлеймен» жекеменшік балабақшасында болған.

Видеода тәрбиешінің кереуетте жатқан бүлдіршінге келіп, ұрып-соққанын көруге болады. Одан кейін тәрбиеші кішкентай қызды бір аяғынан сүйреп, орындықтар тұрған жерге дейін алып келеді. Мұнымен қоймай ол қолындағы белгісіз затпен бүлдіршінді соққыға жығады.

Видеодан балабақша қызметкерінің тағы бір қызды жұлқылап, тәрбиелемек болғаны анық көрінеді.

Балалардың құқықтарын қорғау комитетіндегілер аталған жайт белгілі болғаннан кейін тәрбиеші жұмыстан босатылғанын мәлімдеді.

«Тәрбиеші жұмыстан босатылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиға Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылауында»,-делінген ведомство мәліметінде.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева «111» Call-орталығына балабақшадағы жағдай туралы бүлдіршіннің әкесі хабарласып айтқанын атап өтті.

«Аталмыш факті бойынша қалалық білім басқармасы және Полиция департаментімен жұмыс істедік. Іс қозғалды, қазіргі таңда сот-медициналық сараптама нәтижелері күтілуде. «111» баланың әкесімен байланыста, іс өңірлік уәкілдің бақылауында»,-деп жазды Балалар омбудсмені.