Шымкентте жыл басынан бері 43 автокөлік өртке оранды

28

Төтенше жағдайлар департаменті автокөліктегі өрт қауіпсіздігін жаңа форматта түсіндірді. Құтқарушылар өртке оранған көлікті қала тұрғындарына көрсете отырып, профилактикалық жұмыстар жүргізді. Жалпы жыл басынан бері қалада қанша көлік өртке оранды? Шымкенттік жүргізушілер автомобильдерін өрттен қалай қорғайды? 

Шымкентте жыл басынан бері 43 автокөлік өртке оранды. Оның 29-ы жеңіл көлік болса, қалғаны жүк көліктері мен автобустар. Абырой болғанда адам шығыны болмаған.

Бұл жарымсыз күйге түскен көлік осыдан 2 апта бұрын өртке оранған. Ресми дерек бойынша қызыл жалын электр көздерінің қысқа тұйықталуынан шыққан. Төтеншеліктер осы өртенген көлікті қала тұрғындарына көрсету арқылы, автокөліктегі өрт қауіпсіздігін түсіндірді.

Нұрсұлтан Әшім, Абай ауданы ТЖБ инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты:
«Оттан сақ бол!” акциясы аясында қала тұрғындарына автокөліктегі өрттің алдын алу бойынша іс-шара жүргізілуде. Іс-шараның мақсаты автокөліктерде өрт орын алған жағдайда қала тұрғындарына алғашқы әрекет ету алгоритімін көрсету. Автокөліктерде орын алатын өрт жағдайларын азайту»

Акция аясында төтеншеліктер полиция қызметкерлерімен бірлесе рейд жүргізді. Шара барысында газ балоны орнатылған автокөліктер тексеріліп, өрт сөндіру құралдарының бар-жоғы анықталды. Ал, шымкенттік жүргізушілер автомобильді өрттен қалай қорғайтындарын айтты.

Әліби Байысбаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Машина өзі сырын береді. Азғантай болса да иіс шығып калады. Кейде газдың иісі шығады. Сол кезде газ балонын қойып берген жерге апарып, қайта тексертеміз»

Профилактикалық шара барысында көлік иелеріне автокөлік жанған кезде қандай әрекет жасауы керек екендігі түсіндірілді. Сондай ақ, өрт қауіпсіздігі туралы арнайы парақшалар да таратылды.