Қысты жылу маусымына дайындық жұмысы қоғамдық кеңесте талқыланды. Мамандар сөзінше, гидравликалық сығымдау жұмысы аяқталып қалды. Дегенмен қоғам белсенділері атқарылған жұмыстарда шикілік бар деп санайды.
Шымкентте жылу жүйелерін тексеру кезінде 136 ақау анықталған. Мамандар қазір оның басым бөлігі жөнделгенін айтады. Ал толық дайындық жұмысы келесі айға дейін бітеді деп жоспарланған. Бұл туралы жауаптылар қоғамдық кеңесте мәлімдеді.
«Қаланың жалпы желілері 838,6 км. құрайды. Оның тозығы жеткені 37 пайыз. Магистралды жылу жүйелері 152 км. болса, ішкі орамдық желілер 686,6 км. Жылу жүйелеріне гидравликалық тексеріс кезінде 136 ақау анықталып, 126-сы ретке келтірілді. Жөндеу жұмыс 1 қазанға дейін бітеді», — дейді Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы Ерболат Мамырхан.
Алайда қоғамдық кеңес мүшелері гидравликалық сығымдау ісіне қанағаттанбайтынын айтады. Сөздерінше, мұндай жұмысты атқарып жүрген жан көрмепті.
«98 пайыз үйлерді гидравликалық қысыммен тексердік дедіңіз. Кім өткізеді соны? Мен 1 үйдің алдында істеп жатқанын көрмедім. Ескі үйлер бәрі, батарейкаларын шығарып тазалайтын еді. Айтыңызшы, қай жерді тазалады. Шыныңды айтшы Түркістан көшесінде қайсының батарейкасын ауыстырдыңдар?», — дейді қоғамдық кеңес мүшесі Қанжігіт Сыздық.
Мамандар сығымдау жұмысын арнайы мекемелермен келісімшарт негізінде жасайтынын айтады. Ал жауаптылар оны бақылаумен ғана айналысамыз деп отыр.
«Жылу жүйесін тұрғындар өздері келісім жасап, қызмет көрсететін компания тауып, жуып-шаю, қысымдау жұмысын жүргізу керек. Бағанағы нысаныңыз келісімшартқа отырады. Біз тек бақылаймыз. Жуып-шаю, қысымдау жүргізілді ма?», — дейді «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің директоры Асқар Құдайбергенұлы.
Ал Айжан Кесебаева қыс ортасында жылусыз қалған қала тұрғындарының жайын ортаға салды. Сөзінше, былтыр 3 млрд-тан аса қаражат жөндеу жұмысына бөлінген. Дейтұрғанмен нәтиже жоқ. Кеңес мүшесі биыл да шеткі шағын аудандардағы халық зардап шекпеуге кім кепіл дейді.
«5 желтоқсан күні Тұран шағын ауданында 560 метр құбыр істен шықты қыстың ортасында. 536 пәтер жылусыз қалды. «Ақша бөлінген, жөндеу жұмысы жүріп жатыр, жылу маусымына дейін бәрі бітеді» деп жатсыздар. Баяндамада бәрі жақсы. Бірақ қыстың ортасында тағы да 100-деген пәтер осылай жылусыз қалып кетпейтініне кім кепілдік бере алады? Себебі бізге жүгінген азаматтар бар. Оларға нақты нәтиже керек. Осы қыста мұндай жайт қайталануы мүмкін бе? Мүмкін емес пе?», — дейді қоғамдық кеңес мүшесі Айжан Кесебаева.
Жауаптылар Тұран шағынауданындағы оқыс жайт бойынша демеушілер есебінен құбырлар ауыстырылып, жағдайды тұрақтандырғанын айтады. Ал тағы да мұндай олқылық қайталанса, құрылыс жүргізген мекемеге айыппұл салынады деп сендірді.
«Жерасты құбырлары шынымен тозып кеткен. Неге екенін анықтап жатармыз. Қазір 4 км. жаңадан құбыр салынды. Демеушілер тарапынан, біздің қызметкерлер тегін жасап беріп, қазір 25 үй жылы сумен қамтылып отыр», — дейді «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің директоры Асқар Құдайбергенұлы.
«Құбырларды келісімшарт бойынша ауыстырмаған жағдайда жосықсыз мекеме болып табылып, қара тізімге ілінеді. Келесіде тендерге қатысуға мүмкіндігі болмайды», — дейді Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы Ерболат Мамырхан.
Биыл жылу желілерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында 4 млрд. теңге қаралған. Бұл қаражатқа ағымдағы жөндеу жұмысы, әкімшілік-іскерлік орталықтың қазандығын жаңғырту, Адырбеков көшесіндегі құбылдарды қайта құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Айта кетейік қаладағы көпқабатты 2107 тұрғын үй бар. Оның 2065-і қысқы маусымға дайын.