Запастағы жүз елу алты әскери қызметшіге арналған әскери жиын басталды. Он күнге созылған шара негізінде оқу бағдарламасын жақсы меңгергендерге кезекті әскери атақтар беріледі.
Жиын оқу дабылынан басталды. Содан кейін жергілікті әскери басқару органдары мен Шымкент қаласы әкімдігінің іс-қимылдары пысықталды. Сонымен қатар, онда қажетті нұсқаулықтар мен нұсқамаларды алып, әскери командаларға қабылданды.
Оқу-жаттығу жиындарының мақсаты – әскери резервті жинақтап, мамандардың білімін жетілдіру, әскери міндеттілердің далалық білімін және олардың іс-қимылдарының үйлесімділігін арттыру. Аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, әскери оқу-жаттығу жиындарына жауапты полковник Ержан Сартбаевтың айтуынша, жиын соңында көзге түскен қатысушыларға әскери атақтар беріліп, грамоталар табыс етіледі.
«Алғашқы күндерден бастап мемлекеттік-құқықтық, тактикалық, арнайы дайындық және атыс даярлығы бойынша сабақтар ұйымдастырылады. Олар стратегиялық объектілерді қорғауды ұйымдастыру, диверсиялық топтарға қарсы іс-қимыл, блокпосттарда қызмет атқару және т.б. мәселелерін пысықтайды. Сонымен қатар, біз жиында сабақтың әр минуты пайдалы болатындай етіп жоспарладық», — дейді аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Ержан Сартбаев.
Теориялық және практикалық сабақтар «Ақтас» оқу полигонында ұйымдастырылады. Әскери жиын кезінде әскери міндеттілердің орташа жалақысы сақталатын көрінеді. Сонымен қатар, арнайы төлем, тамақтану, киім-кешек және басқа да материалдық-техникалық жабдықтар қарастырылған.