Созақта Қаңлы мәдениетіне тиесілі жәдігерлер табылды

30
фото ТО ӨКҚ

ҚР Мемлекеттік орталық музейінің археология бөлімінің мамандары Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Қызылкөл ауылы маңында орналасқан археологиялық ескерткіштегі далалық зерттеу жұмыстарын аяқтады. Зерттеудің негізгі мақсаты — Қызылкөл тарихи-мәдени нысанында орналасқан ғибадатхана мен қос қорған. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қаңлы мәдениетіне қатысты б.з.д. ІІ ғасырға жататын бірегей жәдігерлер табылды.

Қазба жұмыстары кезінде ірі қара және ұсақ малдың сүйектері мен мүйіздері, тас дәнүккіш, келі, диірмен сынды еңбек құралдары, қыш ыдыс тұтқалары табылды. Ғибадатхананың батыс бөлігінде ашылған бөлменің ішінде 60 см тереңдікте цилиндр пішінді тұғыр табылды. Ескерткіштің биік таулар мен көлдерге жақын орналасуы, ғибадатхананың ерекше құрылымы мен табылған жәдігерлердің түрлері нысанның — ғұрыптық ғибадатхана ретінде пайдаланылғанын көрсетсе, тас құралдар — егіншіліктің дамығанын көрсетеді.