Тұмауға қарсы екпе салынып жатыр

25
Фото: Отырар.кз

16 қыркүйекте қаламысызда тұмауға қарсы екпе егу басталды. Ақ қалаттылар эпидемиялық маусымда тұрғындар арасында аталған ауру түрін азайту мақсатында 150 000 доза вакцина сатып алыпты. Себебі биыл мегаполисте В тұмауының 103 жағдайы тіркелген. Қазір мұның алдын алу жұмысы қарқын алды.

32 жастағы Юлдуз Досметова екпе салдыруға келіпті. Ол қазір жүктіліктің сегініші айында, соған қарамастан тұмаудан сәбиі мен өзін қорғау үшін осындай шешімге келіпті.

«Мен қазір бесінші балама жүктімін. Бірақ екпе салдыруға келдім. Себебі денсаулығымды ойладым. Баламды да тұмаудан осылай қорғаулы ұйғардым», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Юлдуз Досметова.

Қаламызда екпе алу бойынша эпидемиологтар тұрғындарға үлгі көрсетіп келеді. Мәселен Әл-Фараби ауданына қарасты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Клара Рүстемова жыл сайын вакцина салдырады. Екпеден кейін дәрігерлер пациенттерді бірнеше күн ғана бақылауға алу жеткілікті екенін айтады.

«Эпидемиялық маусымда тұмаудың алдын алу мақсатында жергілікті бюджеттен 150 000 доза Гриппол+ вакцинасы сатып алынды. Тәуекел тобына жататын адамдарға: медицина қызметкерлеріне, медициналық тексеруден өткен балаларға, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, қарт адамдарға, сондай-ақ екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдерге вакцинация тегін жүргізіледі», — дейді Әл-Фараби ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Клара Рүстемова.

Мамандар жіті респираторлық вирустық инфекция мен тұмаудың белгілері ұқсас болуы мүмкін екенін айтады. Бірақ тұмаудан кейінгі асқынулар пневмония, тіпті менингитке әкеп соғуы мүмкін дейді.

«Тұмау кенеттен басталады, температураның күрт көтерілуімен, әлсіздікпен және бұлшықеттердің ауырсынуымен жүреді. Ауру белгілеріне жөтел, мұрыннан су ағу, түшкіру жатады. Алғашқы белгілер білінгеннен бастап дереу дәрігерге немесе емханаға бару керек», — дейді дәрігер-инфекционист Жанайым Мұратбекқызы.

Қазір қалада тұмаумен ауыратындар статистикасы тұрақты. Бірақ дәрігерлер шетелде коронавирустың жаңа штамы байқалып жатқанын айтады. Сондықтан сақ болуға шақырады.