«Тұран», «Тұран-2» шағынаудандарынан қала орталығына тіке қатынайтын қандай жол салынады?

22
фото Отырар.кз

«Тұран» шағынауданынан қала орталығына қатынайтын жол салу бойынша қандай жоспар бар? Жолда тап болған шұңқырға көлігі түсіп, оған соның салдарынан зарар келсе, шығынын жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өтей ме? Осы және тағы басқа сұрақтарға Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев жауап берді.

— Шымкентте қандай ірі жол құрылысы жүріп жатыр?

— Шымкент қаласы аумағында үлкен жол құрылыстарының жобасы іске асып жатыр. Қаланы айналып өтетін негізгі транзиттік А2 жолын реконстракция жасау, Д. Қонаев даңғылының жалғасын салу, Қызылсай елдімекеніне кіретін жаңа жол салынып жатыр. Оңтүстік айналма жолын салып бітірдік. Біраз күрделі жөндеу жұмыстарын, мәселен, «Самал-3» шағынауданындағы 4 көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұрын олар ені тар әрі қысқа көше болса, қазір ені кеңейтіліп, қосымша жол салынып жатыр. Және де орташа жөндеу жұмыстары боп жатқан көшелер де бар. Биыл жыл соңына дейін 345 көшені жөндеуден өткізуді жоспарласақ, қазір соның 185-іне жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Негізгі басымдық асфальт бетон болмаған көшеге асфальт бетон қабатын төсеп жатырмыз. Қалған 160 көшенің мердігер мекемесін анықтау үшін конкурс жүріп жатыр. Бұл көшелер жұмысын биыл бастасақ, келесі жылы аяқтаймыз деген жопарымыз бар. Тағы біраз көшеге ағымдағы жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Көшелерді жамау, люктерді көтеру, сырлау, жиек тастарды жөндеп қалпына келтіру, тозығы жеткен асфальт бетон қабаттарын қырып алып, қалпына келтіріп, жаңартып жатыр.

— Жаңа аудандарда бағдаршам жетіспей жатады. Биыл қай жерде қанша бағдаршам орнату жоспарда бар? Және қай жерлерге аяқ жол салынады?

— Биыл 36 бағдаршам орнатуды жоспарлаған болатынбыз. Қазір соның 20-дан астамын орнаттық. «Шымсити», «Тұран» шағынаудандарында бағдаршамдар болмаған. Қазір сол жерде жұмыстар басталып кетті. Одан бөлек қажетті аумақтардағы әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп, жол белгілерін орнатып жатырмыз. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жол жолақтарын сызып, жаяу жүргіншілер сызбасын жаңартып, тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Жол салу, жол жөндеу, бағдаршамдар мен жол белгілерін орнату – жыл сайын атқарылатын жұмыс. Биылғы ерекшелік – осы жұмыстың ауқымы үлкен болғаны. Орташа жөндеудің қатарында аяқ жолдар да қарастырылған. Егер көше ені 6-7 метрден үлкен болса, онда тротуарды да қарастырып кетеміз. Енді кейбір көшелердің ені тар, аяқ жол сыймайтындай болса, тек жол жамылғысын салып кетеміз. Байқасаңыздар орталық көшелерде аяқ жолдарды ауыстырып, жаңартып жатырмыз. Желтоқсан, Тәуке хан, Жандосов көшесі бойынша сондай магистралды орталық көше бойында ескірген тротуарларды жаңарттық.

— Ұ. Арғынбеков көшесінің жалғасы қашан аяқталады, Тіленшин көшесінде теміржол құрылысы қашан басталады?

— Бұл шығыс айналма жолының екінші кезеңі боп есептеледі. Бірінші кезеңінің 4 шақырымын аяқтадық. Қазіргі таңда екінші бөлігіне жобалау сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Ол жоспарда бар. Биыл жобалау- сметалық құжаттың сараптамасының оң қорытындысын алсақ, алдағы жылдарға жоспарға қоямыз. Ол қаражат жетсе, мердігер мекемені анықтап, жұмысын келесі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал енді Тіленшин көшесінде кептеліс боп жатыр. Соны жою мақсатында жобалау сметалық құжаттаманы әзірлеп кеттік. Қыркүйек айында сараптаманың оң қорытындысын алуды жоспарлап отырмыз. Содан кейін мердігер мекеме анықтауға конкурс жариялаймыз. Жыл соңына дейін анықталса, келер жылдың басынан құрылыс жұмысын бастап кетеміз. Одан бөлек бізде екінші темір жолды қиып өтетін жер бар, ол Момынов көшесі. Ол жер бойынша жобалық сметалық құжат әзірленіп, оң қорытынды алдынды. Мердігерін биыл анықтап, жұмысын келесі жылы бастауды жоспарлап отырмыз.

— «Тұран» шағынауданынан қала орталығына қатынайтын жол салу бойынша қандай жоспар бар?

— Өздеріңіз білесіздер, бізде қаланың солтүстігіне кіретін Бәйдібек би даңғылы жалғыз даңғыл болатын. Түркістан облысының аудандарынан келетін көлік сол даңғылмен кіріп, сол даңғылмен шығатын. Бірақ қазір көліктің көп болуына байланысты бұл даңғылда кептеліс болып жатыр. Енді соған балама ретінде Алтынсарин көшесін реконструкция жасауды бастап кеттік. Ол Төлеметов көшесінен Тұран-2 шағынауданына тікелей шығатын көше болады. Оған қосымша тағы 2 көшеге жобалау сметалық құжат әзірлеп жатырмыз. Бұл – Сіргелі және Ақсүмбе көшесі. Осы көшенің бәрі ашылса, Бәйдібек би даңғылындағы кептеліс азаяды. Сол жолдармен «Шымсити», «Тұран», «Тұран-2» шағынаудандарының тұрғындары кіріп-шыға береді.

— Биыл қанша аялдама орнату жоспарда бар, оның қаншасы салынды?

— Биыл 898 аялдама орнату жоспарланған болатын. Қазіргі таңда мердігер мекеме анықталып, орнату жұмысы басталды. Басым бөлігі жаңа құрылыс түскен, бұрын аялдамасы жоқ көшелерге салынады. Біздің қаламызда аялдаманың 2 түрі бар. Оның бірі Тип 22 және Тип 20» деп бөлінеді. Тип 22-нің қабырғасы шыныдан жасалады. Тип 20 дегеніміз – металлдан жасалған аялдамалар. Орталық магистралды көшелерде 500 аялдама орнаттық. 200-ге жуық аялдамаға ақпараттық табло да орнатып жатырмыз. Жыл сайын қажетті аумақтарға орнату жұмыс жалғасады.

— Жолда тап болған шұңқырға көлігі түсіп, оған соның салдарынан зарар келсе, шығынын жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар басқармасы өтей ме?

— Көлік жүргізушісі көлігін жүргізіп келе жатып, апаттық жағдайдағы шұңқырға түсетін болса, шұңқыр алыстан көрінбейтін болса, жол жүргізу ережесінің қағидасы бойынша, жүргізуші шұңқырды алыстан көріп, бірақ тежегішті басуға немесе бұрылып кету мүмкіндігі болса, онда сол әрекетті жасау керек. Егер аяқ асты пайда болған шұңқырлар, көзге көрінбейтін, жарық шамы жанбай қалған шұңқырларға түсетін болса, біз осы жолды қалыпқа келтіру, жөндеуші мекеме болған соң, бұған жауап береміз. Сонымен бірге мердігер мекемелеріміз келісімшартқа сәйкес жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Апатты жағдайда түсіп кетіп, машинаға зақым келетін болса, ол шұңқырды уақытылы қалыпан келтірмегені үшін мердігер мекеме жауапты болады. Зақымды өтеуге міндеттеледі. Мұндай шағым бізге түсіп тұрады. Апатты жағдайдағы шұңқырға түскен жағдайда, ол дәлелденіп жатса, оның шығынын мердігер мекеме төлейді.
Егер бізге келіп түсетін арыз-шағым Е-өтініш арқылы түсетін болса, егер бір жерге қауіпсіздік шарасын ұйымдастыру керек болса, тротуар салу керек болса, оқушылар қауіпсіздігін сақтау үшін жол өтпелерін салу керек болса, Е-өтініш арқылы немесе қолма қол өтініш жеткізсе, бәрі қаралып, сұрақтарға жауап беріледі.

Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР