Тұрғындарды алдаған алаяқ сотталды

25
Фото: Отырар.кз

Тұрғындардан алаяқтық жолмен 179 млн теңге жымқырған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері сотталды.

Ол 1 ғана адамнан 20 гектар жер учаскесін оның атына жекешелендіріп беру, тестілеу орталығын ашып, бірге жұмыс істеу, мемлекеттік бағдарламалар бойынша пәтерді арзан бағаға алып беру сынды қызметі үшін 113 млн. теңге алған көрінеді. Ал тағы да 14 азаматқа мемлекеттен жеңілдетілген бағада баспана алып беремін деп 71 млн. теңгеден аса мөлшерде зиян келтірген. Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерінің кінәсі сотта дәлелденіп, бас бостандығынан айрылды.

«Сотталушы кінәсін ішінара мойындағаны, шын ниетпен өкінбегені, жәбірленушілердің аса ірі мөлшердегі талаптары жалпы 179 000 000 теңгеден асатын залал соммасы өндірілмегені және жәбірленушілердің кешірім бермегені, заңмен көзделеген бас бостандығынан айыру, қатаң жаза тағайындау пікірлері ескерілді. Сот, айыпталушыға ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», — дейді Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.

Сот қаулысымен сотталушының жасөспірім балаларына қамқоршы тағайындау ісі тұрғылықты мекенжайы бойынша қорғаншылық пен қамқоршылық жұмысын дамыту бөліміне жүктелді. Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.