Түркістанда «Солтүстік» қосалқы станциясы ашылды

21

Түркістан қаласында жаңа қосалқы станция іске қосылды. Бұл нысан облыс мәртебесіне ие болған шаһар халқы мұндағы шағын және орта бизнес, өндіріс орындарының электр қуатына деген сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Айта кетсек, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында электр қуатының қолжетімді болуы өңір тұрғындарының тұрмысына тікелей әсері барын атап өткен болатын.

Түркістанда 110/35/10 киловольттық «Солтүстік» қосалқы станциясы пайдалануға тапсырылды. Ашылу рәсімінде өңір басшысы Дархан Сатыбалды нысанның қаланың экономикалық тұрғыда дамуына серпін беретініне сенім білдірді. Сала мамандары қосалқы станция қуаты осындағы индустриалдық аймақтағы кәсіпорындарды электр энергиясымен қамтамсыз етуге толық мүмкіндігі бар деп отыр.

«Солтүстік» қосалқы станциясының құрылысы Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық басқармасының тапсырысымен қолға алынған. Құрылыс жұмыстарын 2022 жылы «Карэлектроспецстрой» ЖШС бастаған. Құрылыс кезеңіне 40 жаңа жұмыс орны, ал пайдалану кезеңіне 5 жұмыс орны құрылмақ. 110 кВ электр желілерінің ұзындығы – 35,0 шақырым. Жобаның жалпы құны – 6,4 млрд теңге. Жобаны іске асыруда «КТЗ» Кентау, «Asia Trafo» ЖШС және басқа да отандық өнім өндірушілердің материалдары қолданылған.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «1000 МВт бу-газ станциясының құрылысы жүргізілуде. Түлкібаста 320 МВт және Кентауда 240 МВт газ турбина станциялары, Сауран ауданында 300 МВт күн электр станцияларының жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Сонымен қатар Түркістан қаласы аумағында 110/10 киловольттық «Сауран», «Нұртас» қосалқы станцияларының құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Құрылыс жұмыстары 2025-2026 жылдары аралығында іске асады деп жоспарлануда».

Еске салсақ, Президент биылғы Жолдауында электр қуатының қолжетімді болуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін атап өтті. Жалпы елімізде электр қуатының тапшылығы сезіліп отырғаны жасырын емес. Оны шешу мақсатында бүгінде қала, аудандарда маңызды жобалар жүзеге асырылуда.