Түркістанда V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздарына құрмет көрсетілді

11

Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынана әлемнің 89 елінен 2500-ге жуық спортшы қатысты. Айтулы бәсекеде Қазақстан құрамасының спортшылары 112 жүлде еншіледі. Жеңіске Түркістан облысынан барған 32 спортшы да үлес қосты. Өңір спортшылары 16 алтын, 10 күміс, 5 қола жүлдені иеленді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдап, құрмет көрсетті.

Елімізде өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына барған Түркістан облысының спортшылары өздерінің үздік екенін дәлелдеді. Олар 16 алтын, 10 күміс және 5 қола жүлдеге ие болды. Нәтижесінде жүлде саны бойынша өңірлер арасында үздік атанды. Чемпиондар қатарында Айкөз Ералхан, Батыр Бексауыт, Айжан Жылқыбаева, Азамат Мақұлбеков, Рахат Қамбаров бар.

Азамат Мақұлбеков, Көшпенділер ойындарында күштілер сайысының жеңімпазы: «Көшпенділерн ойыны болады дегеннен бастап, дайындықты бастадық. Алыптар сайысы бірінші рет болып жатыр ғой. Қарсыластарым өте мықты болды. Халықтың қолдауымен жеңіске жеттім. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын!»

Айкөз Ералхан, Көшпенділер ойындарының жамбы ату сайысының жеңімпазы: «Жарыс өте керемет, жоғары деңгейде өтті. Барымызды салып, еңбек еттік, алтын медаль алдық».

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдап, құрмет көрсетті. Жеңімпаздарға – 1 млн, күміс жүлдегерге – 700 мың және қола жүлдегерлерге 500 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды. Түркістан облысының 4 жігіті көкпар құрамасы сапында чемпион атанса, аударыспақтан 5 алтын, 1 күміс медаль еншіледі. Сонымен бірге овари, жамбы ату, қазақ күресі, күштілер сайысы, теңге ілу, асық ату спорт түрлерінен де қоржынға алтын жүлделер түсті. Көк бөрі, ордо, алыш, кураш, құсбегілік, жамбы ату спорт түрлерінен күмістер мен қола медальдар бұйырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Қазақ еліндегі дүбірлі дода жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Халқымыздың ғана емес, көшпенділердің тарихы, мәдениеті, спорты таныстырылып, абыройымыз аспандады. Түркістан облысының спортшылары өте табысты өнер көрсетіп, жүлде саны бойынша өңірлер арасында үздік болды. Елдің еңсесін көтердіңіздер. Көк туымызды желбіреткен қырандарымызға алғысымды білдіремін! Біздің білекті, жүректі батырларымыз Көшпенділер ойындарының қаһармандарына айналды. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!»

Облыста тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында кейінгі 3 жылда 115 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның қатарында, «Түркістан Арена» стадионы, «Мұз сарайы», «Теннис орталығы», «Olympic Center» спорт кешені және өзге де нысандар бар. Биыл да көптеген спорт нысанын пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Түркістан қаласында заманауи үлгідегі атшабар салу жоспарлануда.