Түркістан облысында түрмедегі бүлік салдарынан электр жүйесі істен шығып, 90-ға жуық бейнекамера сынған. Оқиға 21 қыркүйекте болған. Леңгір қаласындағы түзету мекемесінде сотталушылар ішкі тәртіпті бәсеңдету мақсатында бүлік шығарып, түрме қызметкері мен Ұлттық Ұланның екі сарбазын сабап тастаған.
Леңгір қаласындағы түзету мекемесінде сотталушылар бүлік шығарып түрмедегі ішкі тәртіпті бәсеңдетпек болған. 9 жасақтан тұратын үш отрядтағы сотталушылар ескі киім мен матрастарды өртеген. Онымен қоймай, электр желілеріне зақым келтіріп, 88 бейнакамераны істен шығарған.
Ермек Жалғасбаев, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ бастығының міндетін атқарушы: “Бүлікшілердің талабы мекеме аумағында орналасқан локальдық аймақ дейді. Соны қоршауды алып тастауын және ашып қоюды талап еткен сұрап. Оны заңға сай келмейтінін түсіндіру барысында олар өздері наразылық білдіру мақсатында жаңағыдай заңсыз іс-әрекеттер жасаған. Ұлттық ұлан қызметкерлеріне күш қолданған, арнайы құралдарын тартып алған. Тас лақтырған сонымен қатар қызметіне қарсы итеріп, қол жұмсау дегендей сондай деректер болған”.
Бүлік шығарғандар өздерінің “ашуын басуға келген” Ұлттық ұланның екі сарбазы мен түрменің бір қызметкерін таяқтың астына алған көрінеді. Тіпті мекеменің электр жүйесін таңға дейін істен шығарыпты. Осыдан кейін дабыл қағылып, тәртіп сақшылары мен арнайы жасақ келіп, түрмеде жазасын өтеп жатқандардың бүлігін күшпен басқан.
Қылмыстық атқару жүйесінің өкілдері ешқандай сотталушының денсаулығына зиян келмегенін айтады. Енді темір тордың арғы жағында шу көтеріп, дау тудырғандар жазасын арттырып алуы мүмкін. Себебі олардың үстінен тағы 3 баппен қылмыстық іс қозғалыпты.
Айта кетейік, №55-ші түзету мекемесі қалыпты жағдайдағы жұмыс тәртібіне көшірілді.