ҚР Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында, Түркістан облысына қарасты Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың халықпен жүздесу жиындары басталды.
Аудан орталыған шалғайда орналасқан Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездескен аудан басшы өңірде атақрылып жатқан шараларға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің бүгінгі жай-күйіне талдау жасап, ісшаралар өз бақылауында екендігін жеткізді.
– Өздеріңізбен жыл басында кездесіп, мәселелермен танысқан болатынбыз. Бүгінде сол түйіткілдерді шешу бағытында арнайы ісшара жоспары әзірленіп, бақылауға қойылған. Елді мекен тұрғындарының мәдени қорын дамыту мақсатында ауылдық округі аумағынан Кітапхана салынып, пайдалануға берілді. Әкімдік ғимаратының шатыры ауыстырылып, елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ішкі жолдарға шағал төсеу жұмыстары да жоспарға енген. Елді мекендерді байланыстыратын жолдардың тозығы жетуіне байланысты қажетті құжаттамалары жасақталып, облыстық мекемелерге ұсынылды. Тұрғындардың әлеуетін арттыру бағытындағы шаралар жүзеге аса бермек, — деді аудан басшысы.
Кездесу барысында Жамбыл ауылдық округінің әкімі Талғат Байдуаллаев ауылдық округі аумағында атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндап, бүгінгі ахуалды атап өтті. Ауыл әкімінің баяндауынша жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік жәрдемақыны алуға 5 отбасы өтінім білдіріп, толығымен жәрдем көрсетілген. Қоғамдық қылмыс пен тәртіп бойынша айтқан дерегінде өткен жылы 4 қылмыс тіркеліп, 1 қылмыс ашылған екен. Бүгінде тіркелген 3 қылмысты ашу бойынша шаралар атқарылуда. Ал биылғы жылдың басынан бері ауылдық округі аумағында бірде-бір қылмыс тіркелмепті.
Аудан әкімімен кездесткен жамбылдықтар ауылшаруашылығы, инфрақұрылым жүйелеріне қатысты сауалдарын жолдап, тиісті жауаптары берілді. Кездесу соңы жеке мәселелерін арқалап келген тұрғындарды жеке қабылдаумен аяқталды.