Жаңаталап шағынауданындағы көпір құрылысы қазан айында аяқталады

29

Естеріңізде болса, маусым айында Жаңаталап шағынауданында елді мекен мен қаланы байланыстырып тұрған көпір құлаған еді. Салдарынан оқиға болған жерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілу қажеттілігі туындады. Алайда жұмыс әлі аяқталмаған көрінеді. Себебі, жергілікті халық жол қозғалысы қиындап, қалаға жете алмай отырмыз дейді.

«Апа қалай ыңғайлы ма шығу? — Қашан жөндейсіңдер айналайындар-ау ?! Өліп қалайын деп жатырмыз ғой!»

Бұл видео әлеуметтік желіде тарады. Көріп тұрғаныңыздай тұрғындардың жолдан өтуі қиындай түскен. Себебі мұндағы ауыл мен қаланы байланыстырып тұрған көпір маусым айында құлаған еді. Салдарынан жергілікті халық қалаға шығу мен жол қозғалысының қиындағанын айтып шағымданып отыр.

Төтенше жағдай орын алған жердің бүгінгі күйі осындай. Жаңаталап шағынауданындағы көпір күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ал жауаптылар 3 ай бұрын басталған құрылыс жұмыстарының тек қазан айында аяқталатынын айтты.

Нұрбол Қожабеков, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автомобиль жолдар бөлімінің бас маманы: «Қазіргі таңда көпірдің құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Негізі құрылыс жұмыстары 9 айға жоспарланған.  Алайда қазір 4 айдың ішінде, қазан айында бітіріп шығамыз деп отырмыз. Жергілікті тұрғындарға уақытша көпір мен уақытша жол салынған. Қазір барлық көлік қатынасы сол көпір арқылы, сол жол арқылы жүргізілуде»

Жауаптылар көпір салудың оңай жұмыс емес екенін алға тартып отыр. Олардың сөзіне сенсек, құрылыс жұмыстары тиісті деңгейде, жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Ал, жергілікті тұрғындарға тегіс, жаңа көпірді пайдалану үшін тағы бірер ай күтуге тура келеді.