Жылу маусымына дайындық: қазылған жолдар, бүлінген демалыс орындары

12
Фото: Отырар.кз

Шымкентте жылу маусымына дайындық қарқынды жүріп жатыр.

Оны қазылған көше бойы, ішкі орамдағы жөндеу жұмыстары, Нұрсәт шағынауданындағы  саяжолдағы  құрылыстан байқауға болады. Ал күнделікті шаңға батып ыңғайсыздықтан әбден шаршаған тұрғындар билікте қыстың қамын жазда ойлайтын адам бар ма деп ашынады.

«Нұрсәт» шағынауданында саяжолда жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстары осы төңіректе тұратын тұрғындарды ғана емес осындағы жолмен қатынайтын көлік жүргізушілерін де мезі болған.

Еркін, көлік жүргізушісі: «Көп жерде жол жөнделіп жатыр. Мына жерде кептіліс. Белгіленген уақытта діттеген жерімізге бара алмаймыз. Қазір оқушылар көп. Кешігіп жатыр. Жұмыстан кешігіп жатқандар да қаншама? Қиындықтар бар қала ішінде».

Мектеп жасындағы балалары бар қала тұрғыны Әлия Асқарова да «жылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізіле бастағаннан бері әбден әбігерге түсудеміз»,- дейді.

Әлия Асқарова, қала тұрғыны: «4 сыныптағы балам өзі барып келетін кезі. Қауіпті болғандықтан, алдынан қарсы аламыз. 109 хабарлассақ, «102 қоңырау шалыңдар» дейді. Кеше кезекшіні жіберіпті. Олар бақырап қашан бітеді. Не үшін, әжептеуір жерді қазып,  тротуар плиталарын алып, құбыр  өткізіп жатырсыңдар десем, жылу маусымына дайындық,- дейді. Ал соны жазда үлгірмеді ме, жаңа оқу басталғанға дейін неге соншы созды».

Ал тапсырыс беруші қала әкімдігіне қарасты энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасындағылар тиісті конкурстың кеш өткенін айтып отыр.

Ерболат Мамырхан,  Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы: «Ия,  төрт мердігердің ішінен осы «ТаразСтрой-2004″ компаниясы ұтқан. Техникалық қадағалау 10-шы шілдеде , ал мердігер жұмысқа  шілденің 22-не кірісті. Кестеден шамалы ауытқу бар. Барлық нысандағы жұмыстар қала әкімдігіндегі жауапты маманның қадағалауында. Алайда осыған қарамастан, 1 қазанға дейін барлық жұмыстар аяқталады».

Қаладағы 29 шақырымды құрайтын жылу жүйелеріндегі ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу міндеті конкурста жеңіске жеткен Таразстрой-2004 компаниясына жүктелген. Оның 14 шақырымы жер асты жұмыстары болса, қалған 15 шақырымы ауада тұратын жылу құбырлары. Мердігер компания Нұрсәт тұрғын алабында жұмыстың 90 пайызын бітірідік, дейді. Мекеме жобалық сметалық құжатқа сәйкес құрылысқа шілденің 22-не кірісіпті. Ең қызығы, құбырлар саяжолдың жаяу жүргіншілер жолында жаңадан тартылуда.

Нұрдәулет Жұмабаев, «ТаразСтрой-2004» компаниясының учаске бастығы: «Бізде материал артығымен кетіп жатыр. Созылып жатқаны сол себептен. Жолды қазбай құбырды суырып, басқа құбыр салайын десек, ол жатқа арық жоқ. Бетінде плитасы жоқ, топырақпен көмілген. Ол топырақпен көмілгендіктен құбыр ертерек шіриді. Бұрынғылар «міндетін істемей кеткен».

Назарбеков көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде тұратын Зәуре ханым жасыл желек болып жайқалған саяжолда серуен құрғанды жақсы көреді. Зейнеткер «қазу жұмыстары басталғалы мазамыз қашты»,- дейді.

Зәуре, қала тұрғыны: «Сабақ басталды. Жолдан тіке өте алмаймыз, барлық жерді айналып өтуіміз керек. Жұмысшыларды көрмейсің. Санаулы күнде жылу маусымы басталады. Қалай аяқтайды? Көк шөптің барлығын құртты».

Ал мердігер келісімшарт бойынша талапты орындаймыз, саяжол, көше бойындағы қазылған жолдардың барлығын қалпына келтіреміз деп отыр.

Нұрдәулет Жұмабаев, «ТаразСтрой-2004» компаниясының учаске бастығы: «Барлығын қалпына келтіреміз. Брусчатканы қалыпқа келтіреміз. Орындықтарды бояп, түгел қалыпқа келтіреміз етеміз».

Басқарманың мәліметіне сүйенсек, қаланың жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы 838,6 шақырымды құрайды, оның 37 пайызы тозығы жеткен. Биыл гидравликалық қысыммен тексеру жұмыстары жүргізіліп, 136 ақау анықталыпты. Ақау актісіне сәйкес, өткен қыста тесілген, тозығы жеткен шіріген құбырлар қазіргі таңда алмастырылуда.

Жалпы құны 2 жарым млрд теңгеге жылу жүйелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарын тараздық компания қаншалықты сапалы жүргізгенін алдағы жылу маусымы көрсетеді.