Шымкенттегі Достық шағынауданында бұрынғы қоқыс полигоны орнына экопарк салынады. Бүгінде құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Онда туристер үшін арнайы визит орталық ашылып, келушілерге жаяу және велосипед жолдары салынады. 4000-нан астам ағаш отырғызылады деп жоспарланған экопарк құрылысы келер жылы аяқталады.
Шымкентте қоқыс полигонының аумағында экопарк құрылысы басталды. Достық шағынауданында 45 гектар жасыл аймақ құрылады. Оның 38,6 гектары көгалдандырылады.
Аумақта велосипед және жаяу жүргіншілер жолдары салынады. Ал көмірқышқыл газын шығаратын құбырлар қолайлы етіп жүргізіледі дейді мердігер компания өкілдері.
Экопаркте 9 ашық демалыс аймағы ұсынылады. Онда 10 шақырымдық серуендеу жолы болады. 4000-нан астам ағаш отырғызылады. Ал қандай жасыл-желек түрі отырғызылатыны туралы мамандар ғалымдармен, дендросаябақ қызметкерлерімен кеңесіпті.
Ринат Сейсенбаев, мердігер компания өкілі: «Жолдар болады велосипедке арналған, жаяу жүргіншілерге арналған жол болады, әкімшіліктің көмегімен, солардың ұсыныстарымен HiTech парк болады. 45 гектар жерде парк болады. Бірінші сызықта халықаралық стандарттарға сәйкес хаб саламыз. Туристерге арналған визит орталық, душ, дәретханалар 50-60 көлемінде. Мына трасса Алматы-Шымкент-Ташкентті қосады».
Жобаның инвестициялық құны — 5 млрд теңге. Ал құрылыстың аяқталу уақыты 2025 жылдың соңына жоспарланып отыр. Бүгінге дейін полигонда 250 000 текше метр топырақ төселіп, жоспарланған қоршаудың 500 метрі орнатылып қойған.
Айта кетейік, экопарк қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің идеясымен әрі тапсырмасымен салынуда.