Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылында 102 жасқа келген кейуана тұрады. Ол сегіз перзенттен 70-ке тарта немере мен шөбере сүйген. Қарттар күнінде абыз ананы ұл-қыздары, ауылдастары мен жергілікті аудан басшылары арнайы құттықтады. Елдің құрметіне бөленген абыз анадан ұзақ жасауының сырын сұрап көрдік.
Түркістан облысында 64 қария ғасыр жасаған. Солардың бірі — 102 жастағы Қызылкүл әже. Екі ғасырдың куәсі болған кейуана әлі де қуатты. Өзі жүріп тұрады. Жиі ауыра да бермейді. Ұзақ жасауымның сыры еңбек пен дұрыс күтімнің арқасы дейді абыз ана. Ал Қызылкүл әженің бабын келтіріп отырғандардың бірі – келіні Гүлсім Қуандықова.
Гүлсім Қуандықова, келіні: «Биенің ағарған сүтін ішіп, айран ішеді. Күніне 3-4 мезгіл сауып, сүтінен жылытып береміз. Осы ағарғанның арқасында апамыздың жасы ұзақ болған шығар дейміз»
Кейуана ашаршылық пен екінші дүниежүзілік соғыстың сұрапыл жылдарына куә болған. Қиын қыстау заманда еңбектен қол үзбеген жанның қайсарлығын ауылдастары үлгі тұтады. Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылының тұрғындары Қызылкүл әжені «халықтың анасы» болған дейді.
Асқар Тоқбаев, ауыл тұрғыны: «Бұл кісі колхоздың аспазы болып істеген. Сол пенсияға шыққанша аспаз болып істеді. Күннің ыстығына, суығына қараған жоқ. Халықтың бәріне ауқат беріп, бәрі риза болды. Соның арқасы шығар ұзақ жасап отырғаны. Ауылдың келіндері үлгі алады, өнеге алады. Келіп, құрметтеп тұрады»
Қызылкүл әже сегіз перзенттен 70-ке тарта немере мен шөбере сүйген. Бүгінде кейуананы ұл-қыздары мен ауылдастары ардақтап, төрден түсірмей келеді. Қарттар күнінде абыз ананы жергілікті аудан басшылары да арнайы құттықтап, құрмет көрсетті.