3 адам табиғи газдан уланып, қайтыс болған

34

Шымкентте небәрі 1 жарым айдың ішінде 3 адам табиғи газдан уланып, қайтыс болған. Жылыту маусымы әлі басталмаса да, жағдай осындай. Төтеншеліктер бүгінде газдан улану фактілерінің маңызды проблема екенін айтып отыр.

Шымкентте жылыту маусымы әлі басталған жоқ. Дегенмен, соңғы 1 жарым айдың ішінде 3 адам табиғи газдан уланып, қайтыс болды. Төтеншеліктер газдан улану дерегінің көбейіп жатқанын айтып, дабыл қақты.

Эльмира Ережепова, Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы: «Қазір өте маңызды проблема — табиғи газдан улану фактілері болып тұр. 15 тамыздан бастап «өрт қауіпсіздігі» айлығы өтіп жатыр. Бір жарым ай өтті. Табиғи газдан улану фактілері көбейіп жатыр. Жарақат алғандар да көптеу»

Мамандар тек табиғи газдан емес, басқа да отындардан улану жағдайлары туралы да айтып өтті. Мәселен былтыр қатты отынды пайдалану кезінде уланудың 5 жағдайы тіркелген.

Эльмира Ережепова, Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы: «Былтыр улану фактілерінен 4 адам қаза болған. 2 адам жарақат алған. Оның алдында өткен кезеңде 8 адам қаза болып, 2 адам жарақат алған»

Айта кету керек, Шымкентте 13 500 үй қатты отынды пайдаланып отыр. Ал, табиғи газға қосылмаған 22 жатақхана пропан газ баллондарын қолданып отыр. Департамент мамандары бұл нысандарда уланудың алдын-алу бойынша түсіндірме жұмыстарының жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Эльмира Ережепова, Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы: «Әкімшілікте құрылған газ техникалық инспекциясы 50 адамнан тұрады. Солармен бірге біздің инспекторлар, құтқарушылар үй-үйді аралап, жиын жасап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді»

Жауаптылардың сөзінше бүгінде қатты отынды пайдаланатын 3500 аса тұрғын үйлерге түсіндірме жұмыстары жүргізілген.