Автобус жүргізушілерінің мәдениеті мен жауапкершілігін арттыру мақсатында енді бұзушылыққа жол бергендерге салынатын айыппұл көлемі көбейеді. Сондай-ақ, 9 түрлі маршрут түнгі сағат 23:00-ге дейін жүреді. Кейбір қоғамдық көліктер жаңарады. Қаламыздың транспорт саласындағы өзгерістер туралы басқарма басшысы арнайы брифингте айтты.
Қазан айының басынан бері қалада бірнеше бағыттағы автобус түнгі сағат 23:00-ге дейін жүреді. Нақтырақ айтқанда, 12, 27, 35, 74, 84, 103, 113 және 126 маршрут жұмысы өзгерді. Дегенмен, 21:00-ден кейінгі интервал өзгереді, яғни, автобус арасы ұзаруы мүмкін. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы мәлімдеді.
Ролан Ибрагимов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Қазан айынан жұмысына кірісті, орталықта жүретін маршруттар. Ол жерде де интервал ұзарады, өйткені час-пиктен кейін адам саны азаяды. Автобус көбейген сайын бюджетке салмак түсетін болғаннан кейін».
Енді бұзушылыққа жол берген, нақтырақ айтқанда аялдамаға тоқтамаған немесе кеш келген автобус жүргізушілеріне шара көріледі. Басқарма басшысының сөзінше, кемшіліктерді жоюдың ең тиімді тәсілі – айыппұл салу. Сол себепті айыппұл көлемі 1,5 пайыздан 3 пайызға дейін көбейген.
Ролан Ибрагимов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Ең тиімді жолы – айыппұл салу. Сол себепті біз субсидия көлеміне 1,5 пайыз айыппұл еді, қазір 3 пайызға дейін өсірдік. Жүргізушілердің мәдениетін көтеру, жауапкершілігін көтеру. Қазір айлықтары да өзгеріп жатыр. Айлықтары қазір 401 мың теңге ресми. Қазір жүргізушілер шағымданатындай жағдай жоқ. Айлықтары бізден көп».
Мегаполисте жалпы саны 2235 аялдама болса, оның 900-і биыл жаңартудан өтті. 600 аялдаманың атауы жазылып, жарықтандырылды. Жауаптылар аялдамалардың ішіне де жарықтандыру орнатуды жоспарлап отырғанын айтады.
Ролан Ибрагимов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Біз мегаполис болғаннан кейін келген қонақтар немесе туристер келген кезде өкінішке орай бізде аялдамалардың атауы жоқ. Және аялдамалар автобуста жарияаланбайды дейді. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 2235 аялдама бар. Оның 900 аялдамасын біз жаңартып жатырмыз. Одан бөлек 600 аялдамаға атауын төбесіне жазып, қосымша жарықтандырып жатырмыз және аялдаманың ішін де жарықтандырып жатырмыз».
Биыл 19 жаңа автобус сатып алынды. Сондай-ақ, «Shymkent Bus» ЖШС-нің 200 автобусты сатып алуға өтінімі мақұлданған. Ал жыл соңына дейін оның 100 автобусын алып келу жоспарлануда.
Ролан Ибрагимов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Түзілген келісімшарттарға сәйкес қаламызға 19 жаңа автобус келді. Одан бөлек «Shymkent Bus» үлкен тасымалдайтын компаниясы бар, жоспарға сәйкес 200 автобус жаңалау жоспарланған. Қазіргі таңда тиісті қаржы институттарынан келісімдерін алып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Компанияның жоспарына сәйкес, жылдың аяғына дейін 100 автобус алып келем деген».
Бүгінде Шымкентте 80 тұрақты маршруттарда күнделікті 947 автобус жолаушы тасымалдайды. Маршруттарға 11 көлік компаниясы қызмет көрсетеді. Автобустардың саны 1150 болса, оның барлығы 100 пайыз GPS треккерлермен жабдықталған дейді басқарма басшысы.