АЭС-ті кім салады?

23

Қазақстандықтардың басым бөлігі елімізде атом электр станциясын салуды қолдады. Енді күн тәртібіндегі басты мәселе – «оның құрылысын кім жүргізеді?». Бұл сұраққа мемлекет басшысы жауап берді. 

Референдумға қатысқандардың 70 пайыздан астамы Қазақстанда АЭС салуды қолдады. Енді Үкімет алдында оның құрылысымен айналысатын компанияны анықтау міндеті тұр. Президент бірнеше ірі компаниялардан тұратын Халықаралық консорциум құруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев,  ҚР Президенті: «Бұл – оңай сұрақ емес. Үкімет талдау жасап, тиісті келіссөздер жүргізуі керек. Бірақ бұл мәселеге менің жеке көзқарасым – Қазақстанда ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан тұратын халықаралық консорциум жұмыс істеуі керек. Ал қалғанын уақыт көрсетеді»

Бұл тәжірибе Түркия, Египет, Венгрия сынды елдерде де қолданылған. Қазақстандық энергия үнемдеу ұйымдары қауымдастығының төрағасы мұндай жағдайда қандай да бір елдің немесе технологияның үстемдігі болмайды дейді. Сонымен қатар, бұл бір мемлекетке тәуелді болу туралы алаңдаушылықты да жоятын көрінеді.

Сергей Агафонов, Қазақстандық энергия үнемдеу ұйымдары қауымдастығының төрағасы: «Егер біз консорциум моделін қабылдасақ үздік технологияларды пайдалана аламыз. Себебі, өз саласының көшбасшыларымен ақылдаса отыра, олардың жаңа жобалық шешімдері мен технологияларын қолданамыз. Ал бұл практиканың барлық тұстарын министрлік толыққанды есепке алуы керек»

Ал энергетика саласындағы сарапшы Олжас Байділдинов елімізде атом электр станциясын салу үшін консорциум құруды қиын деп санайды. Сөзінше, құрылысты жүргізуге үміткерлер қатарындағы Франция мен Корея Қазақстаннан алыс. Сондықтан логистика жобаға қосымша шығын әкеледі.

Олжас Байділдинов, мұнай-газ саласының сарапшысы: «Барлық атом компаниялары олар қандай болса да бәсекелес болып табылады. Олар консорциумға келісе ме? Және мен үшін консорциумның не болып табылатыны да әзірге ашық сұрақ. Бәлкім, Энергетика министрлігім жақын арада жауап беретін шығар»

Атом электр станциясын кім және қалай салатыны үкіметте шешіледі. Нысан құрылыс орта есеппен 10 жылға созылады деп күтілуде.